Ауылдық округтердегі халықпен есепті кездесулері өз жалғасын табуда. Аудан әкімі Асқарбек Есжановтың жұмыс сапары бүгін Аққыр ауылынан басталды. Ауданның 2023 жылдың 8 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен алдағы жобалар туралы Жаңаталап, Т. Жүргенов, Мәдениет, Мырзабай ахун және Ақсу ауылдарында халықпен кездесулер өтті.
Халықпен кездесулерде аудан әкімімен бірге облыстық мәслихат депутаты Ә.Шаймағанбетов, аудандық мәслихат төрағасы Ө.Елеусінов, аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімінің орынбасары және бөлім, мекеме басшылары қатысты.
2023 жылдың 8 айында атқарылған серпінді істер әрбір ауылда өз жемісін беруде.
Ауқымды жобалардың бірі «Самара-Шымкент-Жаңаталап – Аққыр» аудандық маңыздағы автомобиль жолының 32-52,6 шақырым аралығына асфальт төсеу жұмыстары толығымен аяқталды. Қазіргі таңда жол белгілерін орнату, жолақтар сызу, сигналды тіректер орнату жұмыстары жүргізілуде.
Аққыр ауылындағы А. Ахетұлы көшесі бойындағы «Тағзым бағы» саябағын абаттандыруға аудандық бюджеттен 5,1 млн. теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
Елді мекеніне 100 орындық ауылдық клуб құрылысына және елді мекенінің 5 көшесін күрделі жөндеуге ЖСҚ әзірленіп, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына бюджеттік өтінімдер ұсынылды.
Сонымен қатар ауылдық округті аяқ сумен қамту мақсатында 13,4 шақырым канал қазу және насос орнату жұмыстарына ЖСҚ әзірленіп, сараптамадан өткізілуде.
Қазіргі таңда Жаңаталап және Т.Жүргенов ауылдарына 2 техникалық су ұңғымаларын бұрғылау құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, 1 ұңғыманың бұрғылау жұмыстары жүргізілуде.
Ауылдық округте 100 орындық клуб құрылысына және елді мекенінің 3 көшесін күрделі жөндеу жұмыстарына ЖСҚ әзірленіп, бюджеттік өтінімдер құзырлы орындарға жолданды.
Т.Жүргенов ауылдық округінен өз заманының даңқты тұлғасы Темірбек Жүргенов атындағы саябақ ашылды. Саябақты абаттандыруға аудандық бюджеттен 67 млн. теңге қаржы бөлінді.
Елді мекенде балалар ойын алаңын ағымдағы жөндеу жұмыстары толық аяқталып, нысан пайдалануға берілді.
Сондай-ақ, Т. Жүргенов көшесіне тас төсеу жұмыстары жүргізіліп, ауылдық клуб ғимаратына бейне бақылау орнатылды.
Құрылыс жұмыстары 2022 жылы басталған Мәдениет елді мекеніндегі су тарату жүйесінен аула ішілік су тарату желісінің құрылысы жобасы қоса қаржыландырылып, қазіргі таңда қабылдау комиссиясы түгендеу жұмыстарын жүргізуде.
Мәдениет ауылдық округіндегі Жаңақоныс көшесін орташа жөндеуге ЖСҚ әзірленіп, Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бюджеттік өтінім жолданды.
Мырзабай ахун елді мекеніндегі тұрғын үйлер секторының электр желілерінің құрылысы және 100 орындық ауылдық клуб құрылысы бюджеттік нақтылауға ұсынылды.
Сондай-ақ, Мырзабай ахун ауылында дәрігерлік амбулатория құрылысы қарқынды жүргізілуде. Дәрігерлік нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Мырзабай ахун елді мекеніндегі тұрғын үйлер секторының электр желілерінің құрылысы, елді мекенінің ішкі көшелерін жөндеуге және 100 орындық ауылдық клуб құрылысын салуға жоба сметалық құжаттар әзірленіп, бюджеттік нақтылауға ұсынылды.
Ақсу елді мекеніне газ тарату желілерінің және жеткізуші газ құбырының құрылысына облыстық бюджеттен 20,0 млн.теңге бөлініп, мердігер мекеме анықталды.
Елді мекеніндегі тұрғын үйлер секторының электр желілерінің монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
Ақсу ауылына кіреберіс аудандық маңыздағы автомобиль жолына асфальт төсеу жұмыстары толық аяқталды. Аудан әкімі Асқарбек Есжанов барлық ауылдық округтер бойынша тұрғындар тарапынан туындаған мәселелерді шешу мақсатында тиісті сала басшыларына тапсырмалардың уақытылы орындалуын жеткізді.