Апта басынан бері ауылдық округтердің тұрғындарымен есепті кездесу өткізіп жүрген аудан әкімі ІІІ Интернационал, Дүр Оңғар ауылдарында болды. Кездесулерде аудан басшысы есепті кезеңде ауданда атқарылған жұмыстарды баяндап, ауылдарға бөлініп жатқан қаражаттардың қандай мақсатта жұмсалып жатқанын айтып өтті. Тұрғындар өз тарапынан сұранысқа сәйкес өзекті деп танылған нысандарды ел игілігі үшін жасалып жатқандығына баса назар аударды.
ІІІ Интернационал ауылында ағымдағы жылы құрылысы басталған спорт кешені, Астана көшесінің орташа жөндеу жұмыстары, елді мекеніне электр желілерін жаңғырту және қосалқы станциясын кеңейту мен ауыл көшелеріне жол белгілерін орнату бойынша жұмыстарға тоқталды.
Дүр Оңғар ауылдық округі бойынша 2023 жылға 9 жоба мақұлданып, дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жұмыстарына 396 535 мың теңге, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында спорт кешенін салу үшін 177 252 мың теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Мұнан бөлек, ауылдарды абаттандыру және көшелерді жарықтандыру, әкімшілік ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстары мен бильбордтар орналастыруға аудандық бюджеттен қосымша қаражат бөлінгендігін жеткізді.
Кездесу соңында аудан әкімі: «Қазынадан бөлінген әрбір тиынның сұрау бар және әрбір бөлінген қаржы өз орнымен халық игілігіне жұмсалуы тікелей өзімнің қатаң бақылауымда болады. Ауылдарда оң өзгерістер бар. Алдағы уақытта біз ауқымды жұмыстарды жүзеге асыратын болсақ ол тек халықтың қолдауының арқасы»,-деді.
Аталмыш ауылдарға жұмыс сапарында Жандос Еркінбекұлы құрылысы жүріп жатқан объектілердің жұмысын бақылады.
©️Қармақшы ауданы әкімінің баспасөз қызметі