Тасарық ауылында ауыл күніне арналған «Тасарығым – тал бесігім» атты мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізілді. Мерекелік іс-шара аясында ауыл орталығынан саябақ пен азық-түлік дүкен ашылып, Тасарық ауылдық округі әкімі аппаратының жаңа ғимараты да пайдалануға берілді.
Ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісуге арнайы келген аудан әкімінің орынбасары Күнтілес Назымбеков бірлігі бекем, тірлігі тиянақты ауыл тұрғындарын мерекемен құттықтап, ауылдың өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың «Алғыс хатын» табыстады.
Мерекелік шаралар ауыл орталығындағы жаңа саябақтың ашылу рәсімімен бастау алып, аудан және ауыл өнерпаздарының қатысуымен мерекелік концертке жалғасты.
Мұнан соң көше тұрғындарының арасында «Жайлаудағы ауыл» атты сайыс өткізілді. Сайыс барысында әр көше тұрғындары киіз үйлер тігіп, қазақтың салт-дәстүрлерімен әдет-ғұрыптарынан көрініс көрсетіп, келген қонақтарға әр түрлі тағам түрлері ұсынды.
Шара гір көтеру, қой көтеру, қол күрес сынды қазақтың ұлттық спорттық ойындармен жалғасып, мерекелік шара соңы гала концертке ұласты.