Бүгінгі таңда Қазалы ауданында егін жинау науқаны қарқынды жүргізілуде. Аудан диқандары мен механизаторлары өздері күтіп-баптап өсірген Сыр салысын төкпей-шашпай жинап алуда. Аудандағы шаруашылық құрылымдарының қырмандарына егістік басынан күріш тиелген жүк көліктері әлі де толассыз ағылуда.
Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Ғ.Мұратбаев пен Жалаңтөс батыр ауылдарындағы «Рза – Агро» және «Жалаңтөс батыр» серіктестіктерінің қырмандарына арнайы барып, қырман басындағы қарбалас тіршілікпен танысты.
Аудан басшысы алдымен Ғ.Мұратбаев ауылындағы «Рза – Агро» ЖШС қырманына жол тартты. Мұхтар Әуесұлын қырман басында серіктестік директоры Нұрлан Имандосов өзі күтіп алып, күзгі жиым-терін барысында атқарылып жатқан жұмыстардың жайын айтып өтті.
«Рза – Агро» ЖШС биыл 2219 гектар жерге күріш еккен. Олардың арасында «Лидер», «Янтар» және «Преммум» сорты бар. Дәл қазіргі уақытта күріштің 269 гектары орылса, 158 гектары бастырылды. Шаруашылықта қосымша 1532 гектар жоңышқа мен 28 гектар бидай бар. Сонымен қатар биыл серіктестік 615 гектар жерге сүрлемдік жүгері егіп, 8 мың тоннаға жуық өнім алды.
«Жалаңтөс батыр» ЖШС-нің қырманында да қызу жұмыс жүріп жатыр. Қырман басындағы қызу тірліктің жайын серіктестік директоры Қасқырбай Әлімбай айтып берді.
– Диқандар биылғы жылғы егілген Сыр маржанын төкпей-шашпай, ысырапсыз шаруашылық қоймасына жинап жатыр. Бұның барлығы ерте көктемнен бастау алып, жаз айларында, шіліңгір шілденің аптапты ыстық күндерінде тер төгіп еткен ерен еңбектің арқасы деп білеміз», – деген шаруашылық директоры қазіргі таңдағы егін алқабы мен қырман басындағы қиыншылықтарға да тоқталды.
Қырман басындағы берекелі істі көзібен көрген аудан басшысы жұмысшыларға сәттілік тілеп, егілген ел несібесін дер кезінде жинап алуға тілектестігін білдірді.