Аудан әкімінің қолдауымен Қызылорда облысына 85 жыл және Қазалы ауданының құрылғанына – 95 жыл толуына орай Қазалы қаласында “Біз салған әндер” атты вокалды-аспапты ансамбльдердің облыстық ретро фестивалі өтті.

Фестиваль мақсаты – жеңімпаз әндер мен жасампаз шығармаларды вокалды-аспапты ансамблдердің орындауында көрермен назарына ұсыну.

Сонымен қатар, 70-90 жылдардағы ән-шығармаларды қайта насихаттап, әнші-музыканттарды халықпен таныстырып, сол кезеңдердегі көрермен көзайымына айналған өнер ұжымдарын ән сүйер қауыммен қайта қауыштыру.

Көңілді кешке аудан әкімі Мұхтар Оразбаев арнайы қатысып, көпшілікті Қызылорда облысына 85 жыл және Қазалы ауданының құрылғанына – 95 жыл толуымен құттықтап, фестивалге қатысушыларға сәттілік тіледі.

Мұнан соң фестивалде Байқоңыр қаласы, Жаңақорған, Сырдария, Қармақшы, Арал аудандарынан және Қазалы ауданынан қатысқан вокалды-аспапты ансамбльдер аудан әкімінің “Алғыс хатымен” және арнайы сый-сыяпатымен марапатталды.

Жастық шаққа жетелеген көңілді кеш вокалды-аспапты ансамбльдердің өнеріне жалғасты. Қазалы қаласындағы Ардагерлер алаңына жиналған қарасы қалың жұрт ескі әндерді қосыла шырқап, би биледі. Кеш соңы от шашумен қорытындыланып, көрерменнің ыстық ықыласымен аяқталды.

БӨЛІСУ