Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов жұмыс сапарымен Ақбай, Үкілісай, Қамыстыбас ауылдық округтерінде болды. Елді мекендердегі атқарылып жатқан жобалармен танысып, әлеуметтік нысандардың қысқы жылыту маусымына дайындық барысын қарап шықты.
№63 орта мектеп ғимараты алдында ауыл тұрғындарымен кездесуде аудан әкімі жыл ішіндегі жеткен жетістіктерді баяндады.
«Қазіргі таңда, ауданды егін шаруашылығына бейімдеу жұмыстары қолға алынуда. 2021 жылға дейін ауданымызда екі елді мекенде, егін егіліп келсе, Жол картасы аясында бұл көрсеткіш 11 елді мекенді қамтыды. 166 гектар жерден өткен жылы 700 гектарға өсім болды, келесі жылы 3000 гектарға жеткізу жоспарлап отырмыз. Бүгінде 1140 гектар жерге егін егіліп тұрса, оған қосымша биыл 400 гектарға күздік жоңышқа орналастырылатын болады. Ауданымызда басқа да түрлі кәсіптерге бейімдеу үшін тоған шаруашылығын дамытуда қолға алынуда. Келіп жатқан суды пайдаланып, балықтарды өсіруге бүгінде 3 тоған іске қосылса, жыл аяғына дейін тағы 4 тоғанды іске қосу жоспарлануда. Мал шаруашылығы өз деңгейінде дамып келеді. Соңғы 2 жыл көлемінде төрт түлік саны қосымша 12 700 басқа көбейді» – деді. Сондай-ақ, аудан басшысы бірінші кезекте халыққа ауыз су, жарық, жол сынды инфрақұрылымдармен бірінші кезекте қажетті нысандармен қамтылатындығын, тиісінше қалған шаралар өз ретімен жүзеге асатындығын жеткізді.
Ақбай ауылындағы жұмыс сапары барысында елді мекендегі мектеп пен дәрігерлік пунктің жұмыс барысын бағамдап, жылыту маусымына дайындығын көріп, отын қорымен толықтай жабдықтау бойынша жауаптыларға тапсырма жүктеді.
Аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент-Бекбауыл» автожолының құрылысы басталды. Жалпы ұзындығы 21 шақырымды құрайтын автожолдың астыңғы қабаты жасалуда. Нысан келесі жылға өтпелі. Автожолдың жұмыс барысымен танысқан аудан әкімі мердігер мекемеге құрылыс нормалары мен талаптарын сақтауды тапсырды.
Аудан басшысы Бекбауыл ауылдық округіне қарасты Үкілсай елді мекенінде болып, №265 негізгі мектептің жұмысымен танысты. Сондай-ақ мектеп ауласында елді мекен халқымен жүздесіп, жыл ішінде жасалған жемісті жұмыстарды тізбектеп өтті.
Мұнан соң аудан әкімінің іс сапары Қамыстыбас ауылдық округінде жалғасты. Онда №21 орта мектеп ауласында тұрғындармен кездесті.
«Жыл басынан бері аудандағы барлық салада өсім бар. Мәселен жыл көлемінде 7,7 млрд. теңгеге жуық инвестиция тартылып, өсім 2 есеге артты. Сондай-ақ «Индустриялық дамытудың тұжырымдамасы» аясында жалпы құны 3,6 млрд. теңге болатын 2 жоба іске қосылып, 268 азамат жұмыспен қамтылды. Осындай даму асыраушы сала ауылшаруашылығында да бар. Қабылданған «Ауыл шаруашылығы саласын дамытудың Жол картасы» аясында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 4,6 млрд. теңге болып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 101,6 пайызға артты» – деп ауданда орын алған оң динамикаға тоқталды.
Сондай-ақ жиында аудан әкімі ауыл әкімінің халықтың әлеуетін арттыру бағытында атқарған жұмыстарының нәтижесі төмен екендігін жеткізді. Тиісінше салық түсімдері дұрыс жоспарланбаған, егін егу жұмыстары бойынша меже орындалмаған, жеке тұлғалардың мүлкі бойынша қайта бағалау жұмыстары жүргізілмеген, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер ақпараттық жүйесінде мерзім бұзушылық фактілері орын алғандығын айтып, бұл бойынша тиісті шешімдер қабылданатындығына тоқталды.
Кездесуден соң аудан әкімінің жұмыс сапары елді мекендердегі әлеуметтік нысандарда жалғасты. Серік Сағитжанұлы жауапты бөлімдерге тұрғындар үшін қызмет көрсететін ғимараттардың тоқтаусыз жұмыс істеуін, оның ішінде білім беру мен медициналық орталықтардың қысқы маусымға отын қорымен толық қамтамасыз етілуін, қажетті жабдықтармен толықтай жарақталу қажеттігін ұдайы бақылауда ұстауды тапсырды.
Сондай-ақ ауылда жаңадан іске қосылған қосалқы электр станциясының жұмыс барысын көріп, жаңадан бой көтерген жеке балабақшамен танысты. 140 орындық білім нысаны келер айдың ортасында толық аяқталып, іске қосылмақ.