Аудан әкімі Серік Сермағамбетов сыр бойындағы елдімекендерде іс-сапармен болды. Аудан басшысы алдымен «Ақлақ» су тоспасында болып, дариядан теңізге су құю барысын бағамдады. Айта кетейік, қазіргі таңда Сырдария өзенінен «Басықара» каналына 30 текше метр су түссе, оның 9 текше метрі «Ақлақ» су тоспасынан теңізге қарай түсірілуде.
Мұнан соң, аудан әкімі Бөген ауылдық округіне қарасты Қарашалаң елді мекенінде болып, ондағы №75 орта мектептің қысқы жылыту маусымына дайындық жұмыстарының барысымен танысты. Сондай-ақ, жауаптыларға отын қорын толықтыруды және техникалық базаны ұдайы бақылауда ұстау қажеттігін айтты. Мұнан соң, білім беру ұйымының ауласында ауыл тұрғындарымен кездесіп, атқарылған жұмыстарға тоқталды.
«Қазіргі таңда, ауданды егін шаруашылығына бейімдеу жұмыстары қолға алынуда. 2021 жылға дейін ауданымызда екі елді мекенде, егін егіліп келсе, Жол картасы аясында бұл көрсеткіш 11 елді мекенді қамтыды. 166 гектар жерден өткен жылы 700 гектарға өсім болды, келесі жылы 3000 гектарға жеткізу жоспарлап отырмыз. Бүгінде 1140 гектар жерге егін егіліп тұрса, оған қосымша биыл 400 гектарға күздік жоңышқа орналастырылатын болады. Ауданымызда басқа да түрлі кәсіптерге бейімдеу үшін тоған шаруашылығын дамытуда қолға алынуда. Келіп жатқан суды пайдаланып, балықтарды өсіруге бүгінде 3 тоған іске қосылса, жыл аяғына дейін тағы 4 тоғанды іске қосу жоспарлануда. Мал шаруашылығы өз деңгейінде дамып келеді. Соңғы 2 жыл көлемінде төрт түлік саны қосымша 12 700 басқа көбейді» – деді, аудан басшысы.
Мұнан соң, жұмыс сапары Бөген ауылдық округінде жалғасты. Екі мыңға жуық тұрғыны бар ауылда типтік жобадағы дәрігерлік амбулатория салынуда. Қазіргі таңда сылау және ішкі инфрақұрылым жұмыстары жүргізілуде. Мердігер мекеме «Аман-Құрылыс» ЖШС-нің мамандары нысанды қараша айының соңына дейін аяқтауды көздеуде.
Өз кезегінде аудан әкімі Серік Сағитжанұлы халық игілігі үшін салынып жатқан денсаулық нысанының сапалы әрі уақытылы аяқталуы үшін жергілікті әкімдер мен мердігер мекеме бірлесе жұмыс жасау қажеттігін айтты. Мұнымен қоса, жауапты бөлімге құрылысты орындау барысын ұдайы бақылауда ұстау керектігін тапсырды.
Білім беру ұйымдарының жылыту маусымына дайындығы күн тәртібінде. Осыған орай, аудан басшысы З.Шүкіров атындағы № 20 орта мектебінің бу қазандығы мен жылыту жүйелерінің әзірлігін көрді.
Биыл үкіметтің қолдауымен, Арал ауданында 165 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл салаға 7,2 млрд теңге қаржы қаралып, тиісінше 31 жоба іске асырылуда. Соның бірі «Аққұлақ ауылына кіреберіс» автомобиль жолы. Бүгінде мұнда қызу жұмыстар атқарылуда. Мердігер мекеме жол құрылысын жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Аудан әкімінің одан кейінгі сапары Аққұлақ елді мекенінде жалғасып, № 76 негізгі мектеп ауласында ауыл тұрғындарымен кездесті. Онда Серік Сағаитжанұлы тұрғындарға бірінші кезекте қажетті әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымдар жеткізу бойынша тиісті шаралардың атқарылып жатқандығына тоқталды. Сондай-ақ бұл жұмыстардың келер жылы да заңды жалғасы болатындығын айтты.
Жұмыс сапары барысында аудан басшысы Хан елді мекені тұсындағы қалқымалы көпірді қайта жаңғырту жұмыстарын көрді. Қазіргі таңда қайықтар орнатылып, арнайы темірлері бектілген. Қажетті құрылыс матриалдары толық жеткізіліп, нысан келесі айдың соңына дейін пайдалануға берілмек.
Одан соң, аудан басшысы «Қызылжар елді мекеніне кіре беріс» автожолдың жұмыс барысымен танысты. Ұзындығы 15,3 шақырымды құрайтын бұл жоба өткен жылы басталған. Қазіргі таңда 7 шақырымнан аса жолға асфальт жабындысы төселген. Құжаттама бойынша нысан қараша айының соңында аяқталуы қажет. Дегенмен, «Аванқұрылыс» ЖШС-і басшылығы тұрғындар игілігіне арналған автожолды қазан айында бітіру үшін үзіліссіз жұмыс жасауда. Аудан әкімі мердігерге жол сапасына мұқият болуды тапсырып, жауапты бөлімге құрылысты орындау барысын үнемі бақылауда ұстау керектігін жүктеді.