Қала әкімі Асылбек Шаменовтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтіп, күн тәртібінде екі мәселе қаралды.

​Мәжілісте алдымен Қызылжарма ауылдық округінің жаңадан сайланған әкімі Шәріп Әбдірахманов таныстырылды. Сондай-ақ, осы уақытқа дейін ауылдық округ әкімінің қызметін атқарған Медет Сейілге елдімекеннің дамуы жолындағы жемісті еңбегі үшін қаланың ең жоғары марапаты «Құрмет» грамотасы табысталды.

​Одан әрі күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша қаланың 8 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы экономика және қаржы бөлімінің басшысы Гүлнар Баймаханова баяндады.

​Бүгінде қала бюджетінің кірістер болжамы есепті кезеңде 45 333,8 млн. теңгені құрап, 113,6%-ға орындалған. Өнеркәсіп өнімдерінің өндіріс көлемі 420 743 млн теңгеге өсіп, негізгі капиталға салынған инвестиция 134 461 млн теңгеге артқан.​
​Ал, пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы ауданы 348 029 шаршы метрді құрады. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 36 697, ол өткен жылмен салыстырғанда 19,2% өсті.
​Сондай-ақ, индустрияландыру картасы аясында жалпы құны
68,4 млрд теңгеге 13 жоба жүзеге асырылып, 1 253 жаңа жұмыс орны құрылды.

​Шаһар басшысы қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін және өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды арттыруға күш салу керектігін айтты.

​Күн тәртібіндегі екінші мәселе – жылу маусымына дайындық барысы қаралды. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жеңісбек Файзуллаев жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын ұйымдастыру жөнінде үйлестіруші қалалық штаб құрылып, дайындық жұмыстары жүргізілгенін айтты. Бүгінгі таңда қала бойынша барлығы 815 көпқабатты тұрғын үй болса, оның ішінде 781-і орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған, 34 үй автономды блокты модульдік қазандықтар арқылы жылытылады. Бөлім басшысы жылу желілерінің дайындығын және отын қоры нақтыланғандығын баяндады. Көмір отынының тапшылығын болдырмау мақсатында қалаға қарасты кент және ауылдық округтерде қатты отынның жеткізілуі бақылауға алынған.
​Әйтсе де, тұрғын үйлерге жылу беру маусымында тұрғындар тарапынан жауапкершілік қажет. Пәтердегі жылу құбырларының ауасын шығарып, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтағаны жөн.

​Жиын соңында қала әкімі сала басшыларына атқарылып жатқан жұмыстардың сапалы әрі мерзімінде аяқталуын қадағалауды тапсырды.

БӨЛІСУ