Кітаптың құндылығы оқырманның бойына рухани азық қалдыруында. Осы орайда Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен Қарттар үйінде «Сыйлайық кітап ізетпен» атты қайырымдылық акциясы өтті. Шараға ақыл кенін арқалаған қариялар қатысты.
-Бүгінгі ұйымдастырып отырған шарамыздың негізгі мақсаты – Қарттар үйіндегі ақ жаулықты аналар мен қариялардың көңілін көтеріп, жылулық сыйлау. Бастысы, сол жандардың жүзінен күлкі, мейірім көру, – деді «Қоғамдық келісім» КММ аға сарапшысы, волонтерлар орталығының үйлестірушісі Нұргүл Ақсақалова.
Ал «Қоғамдық келісім» КММ бөлім басшысы Шахизат Абдраманова
-Біздің бұл алғашқы ұйымдастырып отырған шарамыз емес. Осыған дейін де түрлі қайырымдылық акциялар ұйымдастырған болатынбыз. Бүгін әдеби, тарихи бағыттағы 30 кітапты Қарттар үйінің кітапхана қорына табыстадық. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарымызды одан әрі жандандыра түспекбіз, – деді.
Қарттар үйінде «Қоғамдық келісім» КММ өкілдері мен Жаппасбай Нұрсейітов атындағы №233 орта мектебінің жас өнерпаздары концерттік бағдарлама аясында ән шырқап, би биледі. Қариялардың көңілін көтеріп, ізгі тілектерін арнады. Мейірім мен қуанышқа толы күнді сыйлаған жандарға ақсақалды қариялар мен ақ жаулықты аналар үлкен ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді.

БӨЛІСУ