Аудан әкімі Берік Сәрменбаев Қалжан ахун және С.Сейфуллин ауылының тұрғындарымен кездесті. Кездесулерге аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, мекеме және бөлім басшылары қатысты.

Аудан басшысы елді мекендерді дамытуда жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатқанын атады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әлеуетін арттыру үшін нақты тапсырмаларды жүктеді. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен ауданға қарасты елді мекендерде жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінде Қалжан ахун ауылында газдандыру жұмыстары жүргізіліп, жақын арада тұрғындар игілігін көреді деп жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар елді мекендегі фельдшерлік-акушерлік бекет күрделі жөндеуден өтті. Ал С.Сейфуллин ауылын табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары биыл басталып, келер жылға өтпелі болады. Одан бөлек электр желілерін жаңартуға қатысты тиісті жұмыстарды атқарып жатырмыз, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Есепті кездесулерде тұрғындар инфрақұрылымдық, ауыл шаруашылығы салаларына қатысты мәселелерді көтерді. Аудан әкімі барлық мәселе тұрақты назарға алынып, заңдылыққа сәйкес шешілу жолдары жүргізілетінін жеткізді.

БӨЛІСУ