Аудан әкімі Берік Сәрменбаев Тереңөзек кенті және Асқар Тоқмағамбетов ауылының тұрғындарымен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Кездесулерге аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, аудан прокуроры Асқар Кемалов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еспенбетов, “АМАНАТ” партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Еркебұлан Жақып, аудандық мәслихат депутаттары және бөлім мен мекеме басшылары қатысты.

Халық жиындарында аудан басшысы Мемлекет басшысының тапсырмасымен, облыс әкімінің зор қолдауымен ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. Оның ішінде, аудан орталығы мен А.Тоқмағамбетов елді мекенін өркендетудегі жұмыстарды атап көрсетті.

Тереңөзек кентінің электр желілерін жаңғырту мен ауыз су құбырларын жаңартуға жобалар әзірленген. Аудан орталығындағы Б.Өтепов, Т.Қозыбаев, Д.Қонаев, Ә.Тоқмағамбетов, А.Алиакбаров, Қ.Бөдеев және басқа да бірқатар көше жөндеуден өткізілді. Одан бөлек, халықтың жазғы демалысын ұйымдастыру мақсатында Тереңөзек кентінде жағажай ашылып, халыққа қызмет көрсетті. Бүгінде аудан орталығындағы «Майжарма» каналының бойы демалыс орны ретінде абаттандырылуда.

Ал А.Тоқмағамбетов ауылында фельдшерлік-акушерлік бекет күрделі жөндеуден өткізілуде. Елді мекенді газдандыру жұмысы биыл басталып, келер жылы халық игілігін көреді деп жоспарлануда.

Есепті жиындарда тұрғындар әлеуметтік, инфрақұрылымдық, денсаулық, білім саласына қатысты ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Аудан әкімі барлық мәселе тұрақты назарда болатынын айтты. Тереңөзек кентінде өткен кездесуден соң аудан басшысы тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

БӨЛІСУ