Аудан әкімі Серік Сермағамбетовтың кезекті жұмыс сапары Райым, Аманөткел ауылдық округтердінде жалғасты. Аудан басшысы алдымен Қызылжар елді мекеніне кіре беріс жолдың жұмыс барысымен танысты. Жоба құны – 505 млн. теңге болатын бұл құрылыс өткен жылы басталған. Қазіргі таңда 6 шақырымнан аса жолға асфальт жабындысы төселген. Құжаттама бойынша нысан қараша айының соңында аяқталуы қажет. Дегенмен «Аванқұрылыс» ЖШС-і басшылығы тұрғындар игілігіне арналған автожолды қазан айында бітіріп беруге уәде берді. Қазіргі таңда қажетті құрылыс заттары мен техникалар толықтай жабдықталған. Аудан әкімі мердігерге жол сапасын мұқият болуды тапсырып, жауапты бөлімге құрылысты орындау барысын ұдайы бақылауда ұстау керектігін жүктеді.
Мұнан соң, жаңадан салынып жатқан дәрігерлік амбулаторияның құрылысымен танысты. Ауылдықтардың ұзақ жылдан бері көтеріп келе жатқан өзекті деген мәселесі биыл шешімін тапты. Жалпы сомасы 400 млн. теңгеге жуық қаржы құрайтын бұл жоба осы жылдың қараша айына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Амбулатория бір мезгілде 20 адамды қабылдап, 14 тұрғынға стационарлық ем қабылдауына лайықталған. Құрылысты «Астана сервис Ltd» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жасауда. Қазіргі уақытта ғимараттың іргетасын қалау жұмыстары аяқталып, ішкі инфрақұрылымды жүргізу мен сылау жұмыстары басталған. Өз кезегінде Серік Сағитжанұлы халық игілігі үшін салынып жатқан денсаулық нысанының сапалы әрі уақытылы аяқталуы үшін ауыл әкімі мен мердігер мекеме бірлесе жұмыс жасау қажеттігін айтты.
Аудан әкімінің сапары Аманөткел ауылдық округі Ақшатау ауылында жалғасты. Онда білім ұясының жылыту маусымына дайындық барысын бағамдап, қажетті отын қорын қамтамасыз ету бойынша тиісті шараларды қабылдауды жауапты бөлімдерге жүктеді.
Аудан әкімі мектеп ауласында тұрғындарымен кездесіп, онда жыл көлемінде атқарылған істерді баяндап, жасалған жемісті жұмыстарды тізбектеп өтті. Өз кезегінде ауыл халқы аудан әкімінң жұмысын жоғары бағалап, алғысын білдірді. Сондай-ақ тұрғындар «Ақшақыз» каналына өткел салуып беруді сұрады. Аудан әкімі ақшатаулықтардың пікірін ескеріп, бұл жұмысты демеушілік есебінен шешуді қолға алатындығын жеткізді.