Бүгін аудан әкімі Серік Сермағамбетов Аққұм және Сазды ауылдық округтеріне барып, ауылдық жерлерде атқарылып жатқан ауқымды істерді бағамдады. Сондай-ақ күн тәртібіндегі қысқы жылыту маусымына дайындық барысын тексерді.
Аудан басшысы алдымен Аққұм ауылдық округінде болып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Ауыл халқымен өткен кездесуде жыл басынан бері өңірдегі атқарылған жұмыстарды баяндап, жүзеге асырылып жатқан ірі жобалар жөнінде тоқталып өтті.
«Өздеріңіздің ауылдарыңызда электр желісін жаңарту үшін бүгінде жоба дайындалып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алдық. Бюджеттік өтінімі тапсырылды.Сондай-ақ, Шижаға елді мекеніне газ желісін тарту жоспарлы жұмыстардың бірі. Сексеуіл кентінен кейінгі ең бірінші кезекте осы ауылды көгілдір отынға қосу үшін құны 1,5 млрд. теңгені құрайтын жоба бүгінгі күні мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Келесі жылы республикалық бюджеттен қаржыландырылуы үшін нақты жұмыстар жүргізілуде»-деді.
Бұдан бөлек, ауыл халқының өткен жылғы аудан әкіміне айтылған өтініші орындалып, демеушілік есебінен жаңа балабақша құрылысы басталғандығына ризашылығын білдірді. Бүгінде 2 қабатты нысанның құрылысы жүргізілуде. Балабақша 150 орынға арналған. Кәсіпкердің жеке қаражатына жүргізілген ғимарат бүлдіршіндер үшін қараша айынының соңында пайдалануға берілмек.
Аққұм ауылдық округінде кәсіпкерлік кең қанат жайып келеді. Бұл елді мекеннен «Ауыл Аманаты» бойынша 2 жоба мақұлданған. Соның бірі Асқар Жоламановтың 5 млн. теңгені құрайтын экоблок цехы жобасы. Ол өз қаражатымен қазіргі уақытта экоблок өндіруді қолға алған. Ендігі кезекте кәсіпті кеңейту үшін мемлекеттік бағдарлама игілігін көруді көздеп отыр. Аудан әкімі жас кәсіпкердің жұмысына сәттілік тілеп, әкімдік тарапынан қажетті қолдаулардың көрсетілетіндігін жеткізді.
Аудан әкімінің бүгінгі жұмыс сапары Сазды ауылдық округінде жалғасты. Ең алдымен аудан басшысы «Сазды елді мекеніне кірберіс» автожолына асфальт төсеу жұмыстарының барысымен танысты. Жалпы ұзындығы 21 шақырымды құрайтын жоба құны 918,5 млн. теңге болатын, өткен жылы басталған автожол өз жалғасын тауып, бүгінде жолдың 17 шақырымына қиыршық тас, 9,5 шақырымына асфальт жабындысы төселген. Қазіргі уақытта қалған 652 млн. теңгенің 272 млн. теңгесі игерліген. Ауыл тұрғындары ұзақ жылғы тілектерінің орындалып, ауылға жол түскендігіне ризашылықтарын білдірді. Сондай-ақ бұл жұмыстардың өз деңгейінде жүргізіліп жатқанына қуанышты екендіктерін айтып, жылы лебіздерін жеткізді. Айта кетейік, аталған жоба 2024 жылға өтпелі. Дегенмен аудан әкімі мердігері мекеме жергілікті «Арал құрылысы» ЖШС-не автожолды қазан айында аяқтауды, жолдың сапалы әрі барлық талапқа сай жасалуын тапсырды. Жауапты сала басшыларына жол құрылысы жұмыстарының аяқталысымен аудандық полиция бөлімімен бірлесе отырып, жол белгілерін орнату жұмыстарын жүргізуді жүктеді.
Аудан әкімінің жұмыс сапары елді-мекендердегі әлеуметтік нысандарда жалғасты. Серік Сағитжанұлы жауапты бөлімдерге тұрғындар үшін қызмет көрсететін ғимараттардың тоқтаусыз жұмыс істеуін, оның ішінде білім беру мен медициналық орталықтардың қысқы маусымға отын қорымен толық қамтамасыз етілуін, қажетті жабдықтармен толықтай жарақталу қажеттігін ұдайы бақылауда ұстауды тапсырды.