Облысымыздың 85 жылдығы аясында өңірдің дамуына ерекше үлес қосқан қайраткерлерді ұлықтау мақсатында өрелі істер атқарылуда.

Бүгін өңірімізге белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Қонысбек Төрешұлы Қазантаевтың 100 жылдығына арналған кешенді шаралар өтті.
Шара легі облыстық тарихи-өлкетану музейінде «ҚЫРАН ТАҒДЫРЛЫ ТАУ МҮСІН» атты көрмесімен басталды.
Өзінің өнегелі өмір соқпағында адамгершіліктің асыл қазынасын арқалап, өмірінен ұмытылмас тарих жасап кеткен Қонысбек Қазантаевтың мұралары, қалдырған еңбектері көрмеде қонақтарға таныстырылды.
Одан соң, облыс әкімдігінің ғимаратында «ЕЛГЕ АДАЛ ҚЫЗМЕТ ЕТУДІҢ ҮЛГІСІН КӨРСЕТКЕН ҚАЙРАТКЕР» атты ғылыми-танымдық конференциямен жалғасты.
Конференцияны облыстық мәслихат төрағасы Байқадамов Наурызбай Сейтқалиұлы жүргізіп, облыс әкімі Нәлібаев Нұрлыбек Машбекұлының конференция қатысушыларына арнайы құттықтауын оқып берді.
Конференция барысында аймағымызға белгілі ғалымдар, тарих ғылымдарының кандидаты Н.Мыңжас, тарих ғылымдарының докторы Д.Сәтбай, қоғам қайраткерлері А.Божанова, С.Әлиев, А.Көшербаев баяндамалар жасап, естеліктерімен бөлісті. Ұрпақтары атынан қатысушыларға Ғ.Қазантаев алғысын білдірді.
Ұлт қайраткерін ұлықтауға арналған конференция жұмысына мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессор-ғалымдары, аудандық делегациялар, мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері, туған-туыстары қатысты.
Еске алу шарасы қайраткердің рухына арналған аспен жалғасты.
Сыр елінің ардақты қайраткер ұлының жақсы да жасампаз істері, өмір жолы, азаматтық бейнесі, іскерлік қабілеті артында қалған өнеге – мұрасы бүгінгі ұрпақтың рухын көтеріп, Әділетті Қазақстанды қалыптастыру жолындағы өрелі істерімізді молайтуға қызмет етеді.

БӨЛІСУ