Қызылордада дәстүрлі «Мектепке жол» акциясы барысында полицейлер 20 мұқтаж отбасының балаларына көмектесті.

Республикалық деңгейде өтіп жатқан «Мектепке жол» акциясы Қызылорда өңірінде де жалғасуда. Аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан оқушыларға, жетім балаларға, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға оқу жылының басталуына дайындық кезінде материалдық қолдау көрсету мақсатында тұрақты өткізіліп келе жатқан акцияға кәсіпкерлер, мекеме-ұйымдар, жалпы жұртшылық белсене атсалысып келеді. Соның арқасында көптеген балалар мектепке толық даярлықпен баруда.
​Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын бұл акцияға қызылордалық полицейлер де өз үлестерін қосуда. Бүгін Қызылорда облысының Полиция департаменті мен Ардагерлер кеңесі тұрмысы төмен 20 отбасын арнайы шақырып, қайырымдылық көмектерін көрсетті.
Департамент бастығының орынбасары полиция полковнигі Утегенов Амиржан Сермаханұлы ата – аналар мен балаларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, арнайы дайындалған сөмкелерді табыстады. Мектеп сөмкесі оқушыға қажетті негізгі кеңсе тауарларымен толтырылған.
«Бала – біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі. Жас ұрпаққа тәлім тәрбие беріп, оларды жан – жақты қолдасақ болашағымыз жарқын болмақ. Білімді, саналы, қабілетті ұрпақ тәрбиелеу біздің қолымызда.
Оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Көңілді демалыс күндерін артқа тастаған балалар енді ерекше серпінмен кезекті оқу жылына аяқ басады.
Біздің басты міндетіміз балаларымыздың жан-жақты дамуына, сапалы білім алуына бар мүмкіндікті қарастыру. Осы тұста балаларды оқуға қажетті киім-кешек, құралдармен қамтуда көмек көрсету мақсатында осындай игі шараны ұйымдастырып отырмыз.
Қазақ елінің болашағына адал қызмет ететін, ар-намысы биік, парасатты ұрпақ тәрбиелесек, елдің дамуына қосқан нақты үлесіміз болмақ.
Жаңа оқу жылының басталуымен құттықтай отырып, барлықтарыңызға сәттілік тілеймін!» деді Амиржан Сермаханұлы.
Тәртіп сақшыларының мұндай игі бастамалары алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

БӨЛІСУ