ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы Фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов Төретам кенті мен Ақай ауылдық округіндегі газдандыру жұмыстарымен танысты.

Фракция мүшесі М.Жайымбетов газдандыру жұмыстарымен танысу барысында Төретам кенті мен Ақай ауылы ақсақалдарының ұсыныстарын тыңдап, сұрақтарына жауап берді.

Сонымен бірге, мердігер мекемелерінің жұмыстарын қатаң бақылауға алуға тапсырылды.

Төретам кентіндегі газ құбырының жалпы ұзындығы – 97,179 км. Бүгінгі күнге 72,9 (75,0%) км. газ құбыры тартылды.
Ақай ауылдық округіндегі газдандыру бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары 95% пайызға аяқталды.

Биыл облыста газдандыру жұмыстарын жүргізу мақсатында 8,4 млрд теңге қарастырылған. Ол республикалық және облыстық бюджеттен есебінен қаралған. Ол былтыр басталып, биыл аяқталатын жобаларға да қарастырылып отыр.

Былтыр басталған құрылыстан бөлек Сырдария ауданындағы Қалжан ахун, Шиелідегі Еңбекші, Жиделіарық, Ә.Тәжібаев, Бестам, Ақтоған, Алмалы ауылдары, Жаңақорғандағы Төменарық, Шалқия кенті, Құттықожа, Кейден, Жайылма елді мекендеріне газ құбыры тартылады. Бұған қосымша қала маңындағы Абай ауылы да жақында «көгілдір отын» игілігін көреді. Биыл 10 елді мекен, яғни, Ж.Махамбетов, Төретам мен Шалқия кенті, Ақай, Бірлік, Қыраш, Кейден, Жайылма, Құттықожа, және Абай ауылындағы газдандыру жұмыстарын аяқтау жоспарланған. Жалпы жыл соңына дейін облыстағы газдандыру деңгейін 72 пайызға жетпек.

2004 жылы Қызылорда қаласына газ келсе, 2013 жылға дейін жалғасқан жұмыс нәтижесінде 2014-2015 жылдары Тасбөгет кенті, Қызылжарма ауылы, Қазалы, Арал, Шиелі, Жаңақорған аудандарының орталығы газға қосылды. Одан кейін облыс орталығына жақын орналасқан Белкөл кенті мен Талсуат елді мекенінің халқы газға қол жеткізді.

2017-2018 жылдары Жосалы, Тереңөзек, Жалағаш кентіне арнайы жоба жасалып, газ тарату станциялары салына бастады. Ал 2021 жылы аталған үш ауданның орталығынан бөлек, Шиелідегі Ш.Қодаманов, Н.Бекежанов ауылына газ құбыры тартылды. 2019-2020 жылдары Аралдағы Жақсықылыш кенті, Шиелінің Байсын ауылы, Қазалыға қарасты Ғ.Мұратбаев және қала маңындағы Қарауылтөбе елді мекендері де «көгілдір отынның» қызығын көре бастады.

Былтыр республикалық бюджеттен 10 жоба арқылы қалаға қарасты Ж.Махамбетов пен Наурыз, Жаңақорғандағы Бірлік пен Қыраш, Арал ауданындағы Сексеуіл кенті және ондағы газ тарату станциясы, Төретам мен Ақай ауылы, Қазалы ауданындағы бір-біріне іргелес орналасқан Басықара, Жалаңтөс батыр, Қ.Пірімов елді мекені, Шиелідегі М.Шоқай ауылы «көгілдір отынға» игілігін көрді. Нәтижесінде былтыр 589 шақырым газ құбыры тартылды.

БӨЛІСУ