Қызылорда облысының кәсіпкерлерінің назарына! Конкурс өткізу туралы хабарландыру.
электрондық пошта мекенжайы: upp@korda.gov.kz
байланыс телефоны: +7 (7242) 60-54-08
Конкурстың нысанасы: Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба шеңберінде кәсіпкерлерге мемлекеттік гранттар беру
Конкурс нысаны: ашық конкурс
Конкурсқа қатысу үшін өтінімдер беру орны: kezekte.kz субсидиялаудың ақпараттық жүйесінің веб-порталы арқылы электронды түрде
Конкурстық құжаттаманы ұсыну тәртібі: конкурсқа қатысу үшін үміткерлер бекітілген нысан бойынша электрондық өтінімді және толық конкурстық құжаттар топтамасын ұсынады (ҚР Үкіметінің 31.12.2019 жылғы №1060 қаулысымен бекітілген 2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру қағидаларына сәйкес)
Өтінімдерді беру мерзімі: 2023 жылғы «04» қыркүйектен бастап 2023 жылғы «08» қыркүйек (қоса алғанда) аралығында
Көрсетілген мерзім өткеннен кейін келіп түскен өтінімдер қабылданбайды.
Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында
мемлекеттік гранттар беру шарттары
Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру Үкіметтің қаулысымен бекітілген Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберіндеге қағидаға сәйкес іске асырылады.
Жаңа бизнес-идея деп – облыста іске асырылмайтын тауарларды шығаруды, қызметтер көрсетуді, жұмыстарды орындауды көздейтін нақты жобаны іске асыруға бағытталған кәсіпкерлік бастаманы айтады.
Оның нәтижесі – нарыққа жаңа, жетілдірілген немесе басқа кәсіпорындардың практикасында іске асырылған, технологиялық алмасу (патентсіз лицензиялар, ноу-хау, консультациялар) арқылы таратылатын тауарларды (өнімдерді)/көрсетілетін қызметтерді/жұмыстарды әзірлеу және (немесе) енгізу болуы тиіс.
Берілетін гранттың максималды сомасы – 5 млн. теңгеніқұрайды.
Мемлекеттік гранттар – кәсіпкерлердің өтінімдерін іріктеу бойынша өткізілетін конкурстардың қорытындылары негізінде кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасымен беріледі.
Яғни, Басқарма осы мемлекеттік қолдау шарасының жергілікті жердегі үйлестіруші органы болып табылады.
Конкурстық іріктеуге – әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері, акцизделетін өніммен байланысты қызметті жүзеге асыратын «бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының қатысушылары және экономиканың басым секторларындағы ісін жаңа бастаған жас кәсіпкерлер мен ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер қатыса алады.
* әлеуметтік кәсіпкерлер деп – ҚР Ұлттық экономика министрлігінің
17.07.2023 жылғы №140 бұйрығына сәйкес Тізілімге енген субъектілерді айтады.
* ісін жаңа бастаған жас кәсіпкерлер деп – 29 жасқа дейінгі, кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу мерзіміне 3 жыл толмаған кәсіпкерлерді айтады.
* ісін жаңа бастаған – кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу мерзіміне
3 жыл толмаған кәсіпкерлерді айтады.
Экономиканың басым секторларының тізбесінде 61 қызмет түрі көрсетілген: агроөнеркәсіп кешені, жеңіл өнеркәсіп және жиһаз өндірісі, құрылыс материалдары, металлургия, металл өңдеу, көлік және қоймалау, туризм, ақпарат және байланыс,денсаулы сақтау, білім беру, өнер, ойын-сауық, демалыс, т.с.с. қызметтер.
Конкурсқа қатысу үшін кәсіпкерге қойылған міндетті шарт:
- Жобаны іске асыруға арналған шығыстарды, яғни грант сомасының кемінде 20%-н ақшалай немесе жылжымалы/жылжымайтын мүлікпен қоса қаржыландыру;
- Жаңа жұмыс орындарын құруы;
- Бизнес-жобада инфрақұрылымның немесе инфрақұрылым көзделген инвестициялық жоспардың болуы тиіс.
Грант қаражаты ПАЙДАЛАНЫЛАДЫ:
1) тауарларды шығару немесе қызметтер көрсету үшін қажетті негізгі құралдарды (оның ішінде негізгі құралдарды салу/жаңғырту/реконструкциялау/ күрделі жөндеу), шикізат пен материалдарды сатып алу;
2) материалдық емес активтерді сатып алу;
3) технологияны сатып алу;
4) кешенді кәсіпкерлік лицензияға (франчайзингке) құқықтарды сатып алу;
5) зерттеу жұмыстарына және (немесе) жаңа технологияларды енгізуге байланысты шығыстар.
Бұл ретте негізгі құралдарды (жабдықтарды) сатып алу тиісті құжаттармен (жабдыққа шарт/келісімшарт/паспорт/сапа сертификаты) расталуға тиіс.
Грант қаражатын ПАЙДАЛАНУҒА БОЛМАЙДЫ:
1) жылжымайтын мүлікті және (немесе) жер учаскесін сатып алуға;
2) жалдау ақысының төлемі ретінде;
3) негізгі құралдарды/активтерді сатып алуға (қызметтерді алуға/жұмыстарды орындауға), үлестес/байланысты компаниялардан/ тұлғалардан және (немесе) кәсіпкердің жақын туыстарынан (“Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы” Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес айқындалған);
4) пайдалануда болған негізгі құралдарды (жабдықтарды) сатып алуға;
5) осы Мемлекеттік гранттар беру қағидаларына 1-қосымшаға сәйкес шанағы немесе кабинадан оқшауланған жүк платформасы бар жүктерді тасымалдауға арналған автокөлікті, сондай-ақ отандық өндірушілердің жеңіл автомобильдері мен жеңіл автокөлік құралдарын жалға алуға және прокаттауға байланысты жобаларды қоспағанда, жеңіл автокөлікті сатып алуға;
6) өңдеуші өнеркәсіпке жататын тамақ өнімдерін өндіру жөніндегі жобаларды қоспағанда, ауыл шаруашылығы жануарларын (ірі/ұсақ қара малды, құсты, бал арасын, сондай-ақ өзге де ауыл шаруашылығы жануарларын) сатып алуға мемлекеттік грант қаражатын пайдалануға болмайды.
Кәсіпкердің грант қаражатын игеруі кәсіпкерлік субъектісі ретінде тіркелген контрагент шотына қолма-қол ақшасыз төлем арқылы жүзеге асырылады (пайдалануда болған автокөлікті жеке тұлғадан сатып алуға жол беріледі).
Гранттар БЕРІЛМЕЙДІ:
1) қайта ұйымдастыру, тарату немесе банкроттық сатысындағы, сондай-ақ қызметі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тоқтатыла тұрған;
2) салықтар мен мемлекеттік бюджетке басқа да міндетті төлемдер бойынша берешегі бар;
3) жылжымайтын мүлікті жалға беру қызметінің негізгі түрі болып табылатын;
4) мемлекеттік грант алуға өтінім беру кезінде ұсынылатын мемлекеттік грант көлемінің кемінде 20% мөлшерінде бизнес-жобаны іске асыруға арналған шығыстарды қоса қаржыландыруды растамаған (бизнес-жобаға қатысатын ақшалай қаражатпен, жылжымалы/жылжымайтын мүлікпен);
5) мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушылары тізіліміндегі;
6) конкурсқа қатысушының кредиттік тарихына сәйкес қаржылық міндеттемелері бойынша мерзімі өткен берешегі бар;
7) осы Мемлекеттік гранттар беру қағидалары шеңберінде мемлекеттік гранттар беру бойынша қолдау алғандарға (оның ішінде “БЖК 2025 (2020)” бағдарламасы қолданылу кезеңінде);
8) конкурс өткізілетін өңірге сәйкес келмейтін басқа өңірде тіркелгендерге және бизнес-жобаны іске асыруды жоспарлап отырғандарға берілмейді.
Конкурсты өткізу үшін облыс әкімінің шешімімен конкурстық комиссия құрылады және оның құрамы бекітіледі.
Конкурстық комиссия жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, ғылыми-білім беру мекемелерінің өкілдерінен, салалық сарапшылардан, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарынан кемінде 7 (жеті) адамнан құралады.
Конкурстық комиссия конкурстық өтінімдерді қарау кезінде мынадай өлшемшарттар негізінде (оның ішінде осы мемлекеттік гранттар беру қағидаларына 6-қосымшада көрсетілген бизнес-идеялар шеңберінде кәсіпкердің жобасын бағалау өлшемшарттарын басшылыққа ала отырып) грант беру мүмкіндігі/мүмкін еместігі туралы шешім қабылдайды:
1) бизнес-идеялардың жаңашылдығы;
2) бизнес-жобаның бәсекеге қабілеттілігі (нарықтық қажеттілікті пысықтау – маркетингтік талдау);
3) бизнес-жобаның қолданысқа енгізуге дайындығы (өндірісті ұйымдастыру мәселесін пысықтау, жобаны орналастыру үшін үй-жайдың, өткізу нарығының болуы, өндірісті іске қосу үшін жобаның әзірлік деңгейі).
Жоба бойынша оны бағалау үшін балл беру осы Мемлекеттік гранттар беру қағидаларына 6-қосымшада көрсетілген бизнес-идеялар шеңберінде кәсіпкердің жобасын бағалау өлшемшарттары негізге алына отырып жүзеге асырылады.
Конкурстық комиссия мүшесі кәсіпкердің бір жобасы бойынша беретін ең жоғары балл – 70 (жетпіс) баллдықұрайды.
Дауыс беру қорытындысы бойынша конкурстық комиссия мүшелері қойған балдар саны жинақталады және конкурстық комиссияның қорытынды шешімі айқындалады.
Кәсіпкерлерді іріктеу кезінде конкурстық комиссия мүшелерінің дербес дауыс беруі жөніндегі ақпарат жария етуге жатпайды.
Конкурсқа қатысу үшін кәсіпкер бір өтінім ғана беруге құқылы. Өтінімдер конкурс өткізу туралы хабарландыруда көрсетілген мерзімдерде қабылданады. Өтінімдерді қабылдау кәсіпкердің тіркелген жері (заңды мекенжайы) бойынша жүзеге асырылады.
Өтінімді қарау мына шарттар сақталған жағдайда беріледі:
1) өтінімді kezekte.kz ақпараттық жүйесінде тіркеу;
2) kezekte.kz ақпараттық жүйесінде жеке шотының болуы.
3) бюджетке төленетін міндетті төлемдер бойынша берешектің жоғы туралы мәліметтерді растау;
4) бизнес-жобаға қатысатын жылжымайтын мүлікпен қоса қаржыландыруды растау мақсатында – субсидиялаудың ақпараттық жүйесінің мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесімен және мемлекеттік деректер базасымен ақпараттық өзара іс-қимылы нәтижесінде расталған кәсіпкердің жер пайдалану және (немесе) жеке меншік құқығындағы жер учаскесінің (учаскелерінің) немесе өзге де жылжымайтын мүліктің болуы “Жылжымайтын мүлік тізілімі”;
5) бизнес-жобаға қатысатын жылжымалы мүлікті қоса қаржыландыруды растау мақсатында – кәсіпкерде субсидиялаудың ақпараттық жүйесінің ауыл шаруашылығы техникасының мемлекеттік тізілімімен және (немесе) “Автомобиль” дерекқорымен ақпараттық өзара іс-қимылы арқылы расталған жылжымалы мүліктің болуы.
Өтінімге pdf форматындағы құжаттардың келесі сканерленген көшірмелерін тіркейді:
1) басшының қолымен және өтініш берушінің мөрімен расталған, өтінім беру кезіндегі жалдамалы жұмыскерлердің орташа саны туралы анықтама (бар болса);
2) “Бастау Бизнес” жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан өткенін растайтын, ескіру мерзімі 3 (үш) жылдан аспайтын құжаттың көшірмесі;
3) кемінде 20 % мөлшерінде бизнес-жобаны іске асыруға арналған шығыстарды қоса қаржыландырудЫ растайтын құжаттар;
4) кәсіпкердің экономиканың басым секторларында қызметті жүзеге асыруы туралы мәліметтері бар дара кәсіпкерді тіркеу туралы хабарламаның көшірмесі (ақпараттық жүйелердің өзара іс-қимылы нәтижесінде мәліметтер түспеген жағдайда).