Көшеней Рүстембеков атындағы жыраулар үйінде аудан әкімі аппаратының басшысы Е. Бекеновтің төрағалығымен жасөспірімдер арасындағы топтық төбелестің алдын алу және болдырмау мақсатында кеңейтілген мәжілістің кезекті отырысы өтті.
Бүгінгі таңда аталмыш мәселені толыққанды тексеру мақсатында облыс көлемінде арнайы топ құрылған. Соның негізінде бүгін ауданымызға облыстық полиция департаментінің экстремизм, терроризмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әліп Қазбек Рақымжанұлы келіп, топтық төбелестің жай-жапсарын анықтау және алдағы уақытта жасөспірімдердің құқық бұзушылық әрекеттерінің алдын-алу мақсатындағы жасалып жатқан жұмыстардың барысын баяндады.
Мәжіліске қатысқан аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы, қоғамдық кеңес мүшелері, аудан ардагерлері мен білікті ұстаздар өз пікірлерімен бөлісіп, құқық қорғау органдары, білім ұйымдары мен ата-аналар тарапынан үш жақты бақылау мен жауапкершілікті толықтай мойнымызға алғанда ғана еліміздің ертеңі болар жас өрендеріміздің түзу жолда болатындығын айтты.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі аппаратының басшысы Ернар Төребекұлы жасөспірімдердің жаза баспауы үшін жұмыла жұмыстануымыз керек екендігін айтты. Ол үшін жоғары сынып оқушыларының ата-аналарын жасөспірімдердің қатысуымен болатын оқыс оқиғалардың алдын-алу мақсатында ұдайы ұйымдастырылып отырған рейдтік жұмыстарға атсалысуға шақырды.