Аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың төрағалығымен «Жаңа кезең: Мектеп. Оқушы. Ата-ана» тақырыбында кеңейтілген мәжіліс өтті. Ауданда жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және болдырмау бағытында өткізілген мәжіліске аудандық мәслихат төрағасы Е.Әжікенов, аудан прокуроры А.Кемалов, облыстық мәслихат депутаты Ж.Ембергенов, аудандық мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдары, кент және ауыл әкімдері, аудан ардагерлері, үкіметтік емес ұйымдар, жастар, білім беру саласы қызметкерлері мен ата-аналар қатысты.

Мәжілісте аудан басшысы жасөспірімдер арасында құқық бұзушылыққа жол бермеу керектігін, бұл жолда жауапкершілік ортақ екеніне тоқталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Отбасылық құндылықтарды жастарға ерте кезден бастап үйреткен жөн» деп, жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу керектігін атап өтті. Осыған байланысты облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес, ауданда кеңейтілген мәжіліс өткізіп отырмыз. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп бекер айтылмаған. Бүгінгі жастар – еліміздің болашағы. Болашағымыз ғұмырлы, салиқалы болуын қаласақ, жасөспірімдердің тәрбиесіне көңіл бөліп, қадағалауда ұстауымыз қажет. Тәрбиелі ұрпақ өсіру – баршамызға ортақ. Еліміздің келешекте қандай болатыны балаларымыздың бойына тағылымды тәрбие бергенімізге тікелей байланысты. Сондықтан аудандағы жасөспірімдер мен жастарға саналы тәрбие беру бағытындағы жұмыстарға барлығымыз бірігіп, қоғам болып атсалысуымыз тиіс, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Кеңейтілген жиында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы Сырдария ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы Берік Жәнібеков, аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Азамат Оспанов баяндады.

Сондай-ақ, «Отбасы тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтарды қалыптастыру» тақырыбында білім саласының ардагері Ұлмекен Жанәлиева, «Жастардың қызығушылығы: жаһандану кезеңіндегі оқушы тәрбиесіндегі басым бағыттар» тақырыбында аудандық мәслихат депутаты Ақтөре Ибрагимұлы, «Мектеп, ата-ана және оқушы арасындағы байланыс» тақырыбында ата-аналар комитетінің төрайымы Серіккүл Байтөлеева хабарлама жасап, ой-пікірлерімен бөлісті.

Мінберге шығып сөйлегендер баланың іс-әрекетін дұрыс ұйымдастыра білу, ол үшін баланың күн тәртібі, жеке басына қойылған талаптар, міндеттер, үй еңбегіне араласуы, білімі, қызығушылықтары, бос уақытын дұрыс ұйымдастыруына көмектесіп ықпал жасау, баланың бойына барлық жақсы қасиеттерді дарыту жолында аянбай атсалысу, тіпті жанында жүрген достарына дейін мән беру, табиғат сыйлаған дарыны болса дамыту, дұрыс білім алуына жағдай жасау керектігіне тоқталып өтті. Құқық бұзущылыққа жол бермеу мақсатында тәрбиелік іс-шараларды ұйымдастыруды атады.

Мәжіліс қорытындысында аудан әкімі балалардың дұрыс тәрбие алуына, олардың қылмыс жасамауына барша қоғам өкілдері жауапты екенін айтып, бұл бағытта бірлесе жұмыс атқаруға шақырды.

БӨЛІСУ