Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың кезекті халықпен кездесуі Ақсуат ауылында жалғасты. Басқосуға аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Талайлы Бөріқұлақов және бірқатар дербес бөлімдер мен мекеме-кәсіпорын басшылары қатысты.
Ауылдық клубтың ауласында еркін форматта өткен кездесуде аудан басшысы алдымен жыл басынан бері ауданда атқарылған ауқымды жұмыстар мен алдағы жоспарларға тоқталып өтті. Сонымен қатар бұл жасалып жатқан шаруалардың барлығы елдің, яғни аудан халқының игілігі жолында жасалып жатқан жұмыстар екенін тілге тиек етті.
Кезек ұсыныс-пікірлерге берілгенде ауыл тұрғындары алдымен жақында ғана аталып өтілген Ақсуат ауылының 80 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде өткізуге атсалысқан аудан басшылығы мен барша азаматтарға шынайы ризашылықтарын жеткізіп, өздерін толғандырған бірнеше мәселелерін ортаға салды.
Ауыл халқының талап-тілектерін тыңдап тиісінше жауап берген аудан әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша да қабылдады. Кездесу соңында ауыл ақсақалдары аталған жұмыстарға оң бағасын беріп, алдағы жұмыстарға да сәттілік тіледі. Халықпен кездесуден соң Мұхтар Әуесұлы Ақсуат ауылындағы №100 мектептің жай күйімен танысып, мектептің алдағы жылу маусымына дайындығын да тиянақтады.
Сонымен қатар Ақсуат ауылы мен Байқожа елді мекенінің аралығындағы Байқожа топтық су құбырының сумен қамту жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстарын да көрді. 9 елді мекенді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету және тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында жасалып жатқан жұмыстарыды көрген аудан басшысы бар тіршілік бастауы, нәрі судан басталатын айтып, аталмыш жұмыстардың сапалы жасалуын тиісті сала басшыларына тапсырды.