Қызылорда облысы әкімінің орынбасарымен Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының табиғи ошақтарыда 2023 жылы күзгі эпидмаусымда жүргізілетін залалсыздандыру жұмыстарының кестесі бекітілді.
Аса қауіпті Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының алдын алудың бір жолы – кенеге қарсы улау жұмыстары. Ағымдағы жылдың 16 тамызынан Арал ауданынан бастап барлық 106 қолайсыз елді мекенде 2 кезеңмен жүргізіледі. Кенеге қарсы дәрілеу жұмыстары қазан айына дейін жалғасады.
Осы шаралардың тиімділігін арттыру үшін тұрғындардың назарына аула тазалықтарын қатаң сақтауды және қолайсыз елді мекендерде жүргізілген өңдеу жұмыстары барысында мал бастары мен қора, аулалардың толық дәріленуіне үй иелері тарапынан қатаң бақылау орнатылуы қажеттігін еске саламыз.
Сонымен қатар кене шағу фактілері орын алған жағдайда жедел медициналық көмекке жүгіну қажет. Ауру ерте анықталып, уақытылы ем тағайындалған жағдайда, науқас толыққанды сауығып шығады.
Арал ауданындағы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының табиғи ошақтарында күзгі залалсыздандыру жұмыстары бастау алды. Екі кезеңнен тұратын залалсыздандыру шаралары аудан бойынша қолайсыз деп танылған 18 елді мекенде жүргізіледі.
Ауылішілік яғни, қораларда және қорадағы малдарға залалсыздандыруды «Дезинфекция и К» ЖШС жүргізсе, елді мекеннің сырт аумағында 300 метр радиустағы шараларды «Ұлттық сараптама орталығы» Қызылорда облысы бойынша филиалы жүргізетін болады.