Кореяның көрнекті патриоты және халық қаһарманы Хон Бом До көшесінде ескерткіш тақтасын ашу рәсімі өтті. Оған Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов, Корей елінің теңіз күштерінің Вице-адмиралы Шин Чанг И, Кореяның тарих және мәдениет орталығының атқарушы директоры Ко Чин Хо, тарих және мәдениет орталығының бас хатшысы Чонг Кенг Вон және өңірлік корей этномәдени бірлестігі жетекшісінің орынбасары Денис Пак қатысты.
Салтанатты шарада басқарма басшысы Алмасбек Есмаханов «Кореяның азаттығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен және өмірінің соңғы жылдарын біздің қалада өткізген Ұлт қаһарманы Хон Бом Доны атап өтпеске болмайды. Генералдың құрметіне Хон Бом До қалада мемориал тұрғызылды, оның есімімен қала көшелерінің бірі аталды. Мемлекет басшысының 2021 жылы Кореяға мемлекеттік сапары барысында Хон Бом Доның сүйек мүрдесін қайтару рәсімі екіжақты қарым-қатынастардың дамуына үлкен серпін берді. Корей тарапының бастамасымен Хон Бом До мемориалдық кешенін қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Біз дамып келе жатқан өзара серіктестікті жоғары бағалаймыз және корей тарапымен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге ұмтыламыз. Бүгін міне, Корея елінің халық қаһарманы Хон Бом Доның құрметіне арналған ескерткіш тақтаның ашылуы соған дәлел», -деді.
Корей елінің теңіз күштерінің Вице-адмиралы Шин Чанг И құшақ жая қарсы алған Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысына, Достық үйіне ризашылығын білдірді. Кореяның көрнекті патриоты Хон Бом Доға көрсетілген құрмет үшін барша делегация мүшелері атынан алғысын жаудырды.
Мәртебелі меймандар өңірлік корей этномәдени бірлестігінің де атқарып жатқан ауқымды жұмысы, Корея және Қызылорда арасындағы үлкен дәрежедегі достықты сөз етіп, бұл сапар ынтымақтастық бағытындағы екіжақты әріптестікті одан әрі нығайтуға мүмкіндік беретінін айтып өтті.
Ескерткіш тақтасын салтанатты түрде басқарма басшысы Алмасбек Есмаханов және Корей елінің теңіз күштерінің Вице-адмиралы Шин Чанг И ашты.
2023-08-17