Үстіміздегі жылдың 17 тамыз күні аудандық мәслихаттың кезектен тыс 5-сессия отырысы өтті. Сессия отырысына аудан әкімінің міндетін атқарушы Арнұр Нұрмағанбетов, аудандық мәслихат депутаттарымен қатар, аудан әкімінің орынбасарлары, кент және ауылдық округ әкімдері, мекеме және бөлім басшылары және арнайы шақырылған кісілер қатысты.

Сессияда 5 мәселе қаралды:
1. «2023-2025 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» Жалағаш аудандық мәслихатының 2022 жылғы 23 желтоқсандағы №30-2 шешіміне өзгерістер енгізу.
2. Жалағаш ауданы бойынша халық үшін тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге арналған тарифтерді бекіту.
3. Жалағаш кентіндегі көшелерді қайта атау туралы.
4. Жалағаш ауданында бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізудің Қағидасын бекіту.
5. Жалағаш аудандық мәслихатының 2022 жылғы 4 ақпандағы №14-21 «Жалағаш аудандық мәслихат аппараты» мемлекеттік мекемесінің штаттық саны мен құрылымын бекіту туралы» шешіміне өзгеріс енгізу туралы.
Бірінші мәселе бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ж.Баймаханованың хабарламасы тыңдалып, тұрақты комиссия отырысында жан-жақты талқыланған аудан бюджетіне өзгеріс енгізу туралы мәселеге оң шешім қабылданды.
Сондай-ақ, екінші мәселе де депутаттар тарапынан қолдау тауып, Жалағаш ауданы бойынша халық үшін тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге арналған тарифтерді бекіту туралы шешім жобасы бекітілді.
Кент әкімі М.Жамалатов Жалағаш кентіндегі көшелерді қайта атау туралы мәселеге хабарлама жасап, қызу талқыға түсті. Талқылау барысында депутат Г.Құрманбаева әрбір көше бойынша жеке-жеке дауыс беруді ұсынып, қорытындысымен депутаттар тарапынан аталған мәселе Жалағаш кенті бойынша жергілікті қоғамдастық жиналысында қайта қарауға кері қайтарылды.
Соңғы екі мәселе бойынша аудандық мәслихат аппаратының басшысы Т.Сарбалаевтың хабарламасы тыңдалып, тиісті шешімдер қабылданды.
Жиын соңында сөз алған аудан әкімінің міндетін атқарушы А.Нұрмағанбетов бүгінгі отырыста қаралған мәселелердің маңыздылығына тоқталып, аудан бюджетіне енгізілген өзгерістерді түсіндіріп, алдағы уақытта атқарылатын жобалармен таныстырды.

БӨЛІСУ