Аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың тұрғындармен кездесуі Алға және Ақжона ауылдық округтерінде жалғасты.

Әуелі Кеңес Одағының батыры Үрмәш Түктібаев атындағы ауылға ат басын бұрған аудан басшысы жүйелі жұмыстардың легін баяндап, алдағы шаруаларды да тілге тиек етті.

Ауылдық мәдениет үйінің алдында өткен басқосуда жиналған көпшілік ризашылықтарын бүгіп қалмады. Бірнеше жылдың ішінде елді мекенде атқарылған жұмыстарға дән риза екендерін жеткізіп, алғыстарын айтты. Сонымен қатар бұған дейін көтерілген мәселелер аудан басшының назарында болса екен тілектерін жеткізді.

Мұхтар Әуесұлы мұнан соң Ақжона ауылдық окургтеріне табан тіреді.

Ең бірінші ауылдағы №98 орта мектептің жайынан хабар алып, жаңа оқу жылына деген дайындығын көрді. Спорт зал мен сыныптарды аралап, тазалыққа мән беру қажет екенін жеткізіп, бу қазандығының да жұмысын бақылады.

Ашық аспан астындағы жиында Қазалы ауданында жыл басынан бері жасалған жүйелі жұмыстарды баяндаған аудан басшысы шешімін күтіп тұрған мәселелердің де бар екенін жасырмады.

Оң шешімін тауып келе жатқан шаруаларға ризашылықтарын білдірген тұрғындар бірқатар мәселелерді көтерді.
Жұртшылық тарапынан айтылған ұсыныстардың орынды екенін айтқан аудан басшысы сауалдар бойынша бірқатар сала басшыларына тиісті тапсырмалар берді.

Халықпен кездесулерде аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Талайлы Бөріқұлақов сөз алып, түйткілдердің түйіні тарқатылу үшін алдымен ауылдағы ағайынға ауызбіршілік қажеттігін айтты. Сондай-ақ, қандай шаруа болмасын тұтас ел болып, жұмылуға шақырды.

БӨЛІСУ