Аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың тұрғындармен кездесуі Өркендеу және Бірлік ауылдық округтерінде жалғасты.

Жыл басынан бері ауданда атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар аз емес. Тұрғындардың талап-тілектері де оң шешімін тауып келеді. Сол секілді алдағы күннің еншісінде тұрған шаруалар да ауқымды. Бұл жайында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Өркендеу ауылындағы ағайынмен де бөлісті. Кезек тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдауға келгенде округ халқы балалардың жүретін жолына түнгі жарықшам және мектепке күрделі жөндеу қажет екенін жасырып қалмады.

Мұнан соң аудан басшысы бірлігі жарасқан Бірлік ауылына ат басын бұрды. Елді мекен тұрғындарымен кездесіп, ұсыныс-пікірлеріне құлақ асты. Ауыл-елдің амандығын сұрап, ауданда атқарылып жатқан шаруаларға тоқталған Мұхтар Әуесұлы алдағы уақытта қолға алынатын жоспарлармен де бөлісті.

Кездесуде тұрғындар түнгі жарықшам мәселесін көтерді. Қос ауылдағы сауалдарға жеке-жеке тоқталған аудан басшысы тиісті жұмыстар жасалып, назарда болатынын жеткізді. Сондай-ақ, тиісті сала басшыларына тапсырма берді.

Басқосуда аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш елді мекен жұртын ауызбіршілікке шақырып, барлығына түсіністікпен қарауды сұрады.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың халықпен кездесуіне аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш, аудандық мәслихат депутаттары Күншығар Әбілов пен Райымбек Бөлебаев, аудандық полиция бөлімінің бастығы Асылбай Аңсатов және бірқатар дербес бөлім мен мекеме-кәсіпорын басшылары қатысты.

БӨЛІСУ