Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Сарыкөл мен Көларық ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Аудан басшысы ең әуелі Абай ауылының халқымен дидарласып, жыл басынан бергі атқарылған жұмыстарды айтып, алдағы мақсат-міндеттермен де бөлісті.
Одан бөлек, жастардың арасындағы топтық төбелестің алдын алу бойынша шаралар атқарылып жатқанын тілге тиек етті. Сол секілді интернет алаяқтардан сақ болу қажет екенін ескертті.
Мұнан соң жасыл желегі жайқалған ауылдың тұрғындары елді мекен тұсындағы қалқымалы көпірдің жайын көтерді. Сондай-ақ, ауыл шетінен су ұңғымасын қазу және кенеге қарсы жұмыс жасау керектігін сөз етті.
Аталған сауалдарды Мұхтар Әуесұлы мұқият тыңдап, тиісті шаралар қолға алынып жатқанын айтып, барлығы кезең-кезеңімен шешім табатынын жеткізді. Жиын соңында ауыл тұрғындары ауылдағы жүріп жатқан жүйелі жұмыстарға оң бағасын беріп, аудан басшысына алғыстарын айтты.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев кездесуден соң Абай атындағы №90 орта мектепке аялдап, білім ошағының жаңа оқу жылына дайындығын көрді.
Ашық аспан астында өткен кездесудің кезегі ауданнан 25 шақырым қашықтықта орналасқан Көларық ауылдық округінде жалғасты.
Батыр атындағы ауылдың саябағында өткен басқосуда аудан әкімі Мұхтар Оразбаев жүріп жатқан жұмыстарға тоқталып, келер күннің еншісінде тұрған алдағы жоспарлармен де бөлісті. Сондай-ақ, ауылдағы бір көшенің жолы жөнделетінін және алдағы уақытта жаңа балабақшаның іргетасы қаланатынын айтып, халыққа сабыр қажет екенін айтып өтті.
Бұдан кейін ауыл халқы ұсыныстарын жеткізіп, пікірлерін ортаға салды. Мәселен, көптен қозғалып жүрген жайылымдық жердің жайы көтерілді. Ауылға тиесілі жерге бөгде біреудің төрт түлігі жайылып жүргенін айтқан ағайындар шешілу жолдарын және ауыз судың берілуі туралы мән-жайды сұрады. Мұхтар Әуесұлы қойылған сауалдарға кеңінен тоқталып, шешілу жолдарын түсіндіріп берді.
Жиында көтерілген мәселеге қатысты аудан басшысы “Арал-Сарбұлақ” топтық су құбырын пайдаланушы Қазалы өндірістік бөлімшесіне аялдады. Бөлімше қызметкерлеріне ауыл тұрғындарына тұрақты ауыз су беру қажет екенін қатаң тапсырды.
Айта кеткен жөн, кездесулерге аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш, аудандық мәслихат депутаттары Әділбек Сарабеков пен Нұрғиса Жалғасбаев, аудандық полиция бөлімінің бастығы Асылбай Аңсатов және бірқатар дербес бөлім мен мекеме-кәсіпорын басшылары қатысты.