Жыл басынан бері елімізде 29620 орынға арналған 307 мектепке дейінгі ұйым ашылды. Олардың 3-уі мемлекеттік, 304-і жеке балабақша. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Наталья Жұмаділдаева баяндады.

«Соңғы 5 жылда балабақшаға жолдама алу кезегі екі есеге төмендеді. 2025 жылға дейін 2-3 жастағы балалар үшін тағы да 223 орын ашу жоспарланып отыр. Сол арқылы халықтың мектепке дейінгі ұйымдарға деген қажеттілігінің 70 пайыздан астамын қамту жоспарлануда. Қазіргі таңда мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына қойылатын басты талап – санға емес, сапаға жұмыс жасау. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында 2023 жылы 20 мыңнан астам педагог біліктілігін арттырады, сондай-ақ, 79 мектепке дейінгі ұйымда «Құзыреттілік орталықтары» тұрақты негізде жұмыс жасайды», – деп атап өтті Наталья Жұмаділдаева.

Соңғы төрт жылда тәрбиешілердің еңбекақысы кезең-кезеңімен 25%-ға өсті. 2023 жылдың қыркүйегінде жалақы тағы да 30%-ға көтеріледі. Сонымен қатар, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына кезекке тұрудың бірыңғай базасын енгізу жүзеге асырылады. Бұл қызметтердің ашықтығын қамтамасыз етеді, деректердің бірыңғай тізілімін қалыптастырады және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады.

БӨЛІСУ