Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Шиелі ауданына жұмыс сапары барысында Шиелі кентіндегі Ы.Жақаев көшесін күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты.
Кентте Әл-Фараби, Досбол датқа, Дәулеткерей, А.Байтұрсынов, Ы.Жақаев, Абылай хан, Бұдабай, С.Сейфуллин, Шәкәрім көшелері күрделі жөндеуден өтуде. Жұмыстардың жобалық құны 1 млрд 560 млн теңгені құрайды. Мемлекеттік сатып алу конкурсынан «Қызылорда жолдары» ЖШС жеңімпаз атанды. Бұл жұмыстар келесі жылға өтпелі. Биылға бөлінген қаражат 300 млн теңге. Биыл аудан орталығындағы 11,5 шақырым болатын 9 көше күрделі жөнделеді. Оған қоса 23 шақырымдық 59 көше мен тұйықтарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Айта кетейік, Шиелі ауданының аумағында 323,4 шақырым автомобиль жолдары бар. Аудандық маңызы бар 145,4 шақырым автомобиль жолдарының 103,4 шақырымы (71,1%) жақсы және қанағаттанарлық жағдайда. Республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдары 100 пайыз асфальтталған. Биыл республикалық бюджеттен «Самара – Шымкент – Сұлутөбе» кіреберісін күрделі жөндеуге 265 млн теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Облыстық бюджеттен Шиелі кентіндегі 19,8 шақырым болатын 49 көшені орташа жөндеуге 564 млн теңге бөлінді.
Аймақ басшысы жөндеу жұмыстарының сапасына ерекше назар аударып, тұрақты қадағалауды тапсырды.
©️Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі