2023 жылдың 10 тамыз күні облыстық мәслихат депутаты, Экология, өндіріс, шаруашылық және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Б.Сандыбаевтың төрағалығымен VIII шақырылған облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы болып өтті. Бірлескен отырысқа облыс әкімінің орынбасары Н.Сақтағанов, облыстық мәслихат төрағасы Н. Байқадамов және облыстық мәслихат депутаттары, тиісті басқарма басшылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Алдымен 2022 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есепті бекіту туралы облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Қ.Мүбәраков, облыс бойынша тексеру комиссиясының төрағасы М.Қалдарбеков және облыстық мәслихаттың Экономика, әлеуметтік және құқықтық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Б.Шәменованың баяндамалары тыңдалды. Одан соң, облыстық мәслихаттың 2022 жылғы 13 желтоқсандағы №153 «2023-2025 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселе бойынша облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Қ.Мүбәраков хабарлама жасады. Аталған мәселе тұрақты комиссия отырысында егжей-тегжейлі талқыланғандықтан халық қалаулылары көкейдегі сауалдарын қою жөнінде ұсыныстарын білдірді.
Атап айтар болсақ, облыстық мәслихат депутаты Ж.Нұрымбетов ауыз су мәселесі, сол жағалаудағы абаттандыру жұмыстары бітпей жатқан 4 қабатты тұрғын үйлер жайы, Саяхат елді мекенінде ПМК каналынан бері қарай канал қазып, сол аудандарды суландыру, Бәйтеректегі 5 жыл бойы құрылысы аяқталмаған 600 орындық мектеп, Ж.Ысқақ Жаңақорған ауданы, Май бекетіндегі құрылысы аяқталмаған мектеп, І.Тілеп Тоқабайдағы жол мәселесі, 95% қаржыны алып, құрылыс жұмысын жүргізбей жатқан мердігер мекемелер, Арал ауданындағы 5 жылға созылған, әлі күнге дейін бітпеген жол мәселесі, Қарлан көпірі мен Мәдениет үйі, Қазалы мен Әйтеке би арасындағы жол, Тастүбек елді мекенінде скважина қазу, А.Оңғарбаев БАҚ-қа бөлініп отырған тапсырыс көлемінің төмендігі, олардың жалақысының аздығы және мемлекеттік тапсырыс тарифінің аз болуы, сондай-ақ, Қызылорда қаласындағы көшелерді қайта жаңғырту, жол салу, С.Мұстафа үлкен жарыстар өткізуге қажетті спорт кешені мен облыс орталығында футзал ашу, футбол академиясын құру, Н.Әмитов Қазақстан халқының қоры арқылы Жаңақорған ауданында Қамқорлық оңалту орталығын ашу, инсульттік орталықтар және ана мен сәби денсаулығын жақсарту мақсатында дәрігерлердің шет елде біліктілігін жетілдіру сияқты мәселелерін көтерді.
Ал депутат Ә.Шаймағамбетов алдағы 2024-2026 жылдарға жолаушылар тасымалдаудағы шығындарды жергілікті бюджет есебінен субсидиялау, М.Нәлібаев «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК авариялық жағдай кезінде қалпына келтіруге және жөндеу жұмыстарына арналған тозығы жеткен арнайы техникаларды жаңарту қажеттігі, Д.Жұмбеков Шиелі кентіндегі күрделі жөндеуді аяқтауды қажет ететін 9 көшенің жайы, Н.Бақытбекұлы қаламыздың сол жағалауында Абылайхан даңғылында коммуналдық базар құрылысын салу, М.Ниязов бюсттер, «Қорқыт ата» мемориалды музейіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, тарихи архивтік құжаттарды алу, облыстық филармонияға лед экран мен лазерлі құрылғылар сатып алу, Қ.Сақтағанов облыстық бақылау жөніндегі басқармасына қойылған талаптар мен міндеттерді жүйелі түрде уақытылы орындалуын қамтамасыз ету мақсатында 14 дана ноутбукпен қамтамасыз ету, Б.Шәменова жөндеу жұмыстары жүргізілмеген №3 қалалық емхана жайы, Қ.Нұрсейтов елімізде тұқымды тексеруге қаржы бөлініп, егілетін тұқымның тексерілетіндігін және сол тексеруге қаржы тоқтап қалғандығы мәселесі, Н.Сопбеков бизнеске қолдау көрсетудегі қаржы тапшылығы, А.Абибуллаева балабақшадағы осал топтағы отбасы балаларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты республика көлемінде осы мәселелермен тікелей айналысып жүрген психологтарды тарта отырып, учаскелік полицейлерге арналған курстарын өткізсе деген талап-тілектерін жеткізді.
Сондай-ақ, Б.Махашов электр желілерін шарттық негізде жаңғыртуды жүргізу үшін электрмен жабдықтаушы ұйымды «Байқоңыр» ӘКК» АҚ арқылы құрып, оған негізгі құралдар мен құрылғылар алуға қаржы қажеттігі, Е.Искендер облыс көлемінде су шаруашылығы нысандарын 3 ай мерзімге күтіп-ұстау жұмыстарын жүргізу үшін қаржы қажеттігі мен табиғат мекемесінің материалдық-техникалық базасын жаңарту мәселесін және т.б өз-ұсыныстарын білдірді.
Күн тәртібіне ұсынылған облыстағы елді мекендердің жасыл екпелерін жасау, күтіп-баптау және қорғаудың қағидаларын бекіту, облыстық ономастика комиссиясының дербес құрамын бекіту, «Сыр жастары» Қызылорда облысының жастарына жеңілдетілген ипотекалық несие беру бағдарламасын бекіту туралы шешіміне өзгерістер енгізу, Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшелерін тағайындау, Қызылорда облысы бойынша тексеру комиссиясының 2023 жылға арналған жұмыс жоспарына ұсыныс енгізу, облыстық мәслихат депутаттарын сайлау жөніндегі округтік сайлау комиссияларын сайлау туралы шешіміне толықтыру енгізу және өзге де мәселелер бойынша тиісті басшылардың хабарламалары тыңдалды.
Отырыс соңында күн тәртібіне ұсынылған 9 мәселе бойынша шешім жобасын сессия қарауына жіберу туралы бірауыздан қаулы қабылданды.

БӨЛІСУ