2023 жылдың 2 тамызында Қызылорда қалалық мәслихатының коммуналдық-шаруашылық және қала инфрақұрылымы мәселелері жөніндегі және қалалық мәслихаттың бюджет және экономикалық даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы өткізілді.

Бірлескен тұрақты комиссиялар отырысында «Қала аумағындағы жол жөндеу жұмыстары мен сапасы туралы» және «2023 жылға арналған халық қатысатын бюджет жобасының орындалу барысы туралы» мәселелері қаралды.  Аталған мәселелер бойынша қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ж.Файзуллаев, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығының» директоры Е. Куштаев хабарлама жасап, сауалдарға жауап берді.
Бірлескен комиссия отырысын коммуналдық-шаруашылық және қала инфрақұрылымы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Абизов Ділмұхаммед Мнуарбекұлы жүргізді.
Биылғы жылы қала аумағында 102 көшеге жол жөндеу жұмыстары толығымен жақын арада аяқталады деп күтілуде.
Қала аумағындағы ұзындығы 36,5 шақырым болатын 49 көшеге асфальт және ұзындығы 12 шақырым болатын 39 көшеге тас жол төсеуге облыстық және қалалық бюджеттен қаржы бөлініп, бүгінгі күні 44 көшеде асфальт төсеу және 37 көшеде қиыршық тас төсеу жұмыстары аяқталды. Қалған көшелерде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.
Бұдан бөлек, қаламыздың жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында Астана даңғылын Н. Назарбаев даңғылынан темір жолға дейін және Тараз көшесін С. Бейбарыс көшесінен Б. Баймаханов көшесіне дейін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Қаладағы ұзындығы 30 шақырым болатын 18 көшеге жаяу жүргіншілер жолын және көпқабатты тұрғын үйлер аумағындағы асфальт қабаттарын жаңартып, автотұрақтар салу жұмыстары жүргізілуде.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын орындау аясында шешім қабылдау процесіне тұрғындарды тарту масқатында «Халық қатысатын бюджет» жобасын іске асыру көзделген.
2023 жылы «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында тұрғындардан 16 жоба ұсынылып, қала аумағындағы көп қабатты тұрғын үйлер аумағын абаттандыру, ойын алаңдарын орнату және қайта жаңғырту, жаяу жүргіншілер жолын орналастыру, қаладағы сквер-аллеялар мен автобус аялдамаларына пандус орнату жұмыстарының жобалары қолдау тапқан.
Қазіргі таңда жоба аясында Әйтеке би көшесінің арық жүйлерін ауыстыру жұмыстары мен Байсейтова көшесі №100 көппәтерлі тұрғын үйдің ауласында орналасқан ойын алаңын қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, Тоқтыбаев көшесінің бойында орналасқан «Бауырластар» аллеясынан ішінен балалар ойын алаңы орнату жұмыстары жүргізіліп, аяқталуға жақын.
Қазіргі таңда Қызылорда қаласы, Төле би көшесінің арық жүйелерін ауыстыру жұмыстары басталуда.
Күн тәртібіндегі көтерілген мәселелерге байланысты депутаттар тарапынан жан-жақты талқыланып, бірқатар ұсыныстар берілді:
Комиссия отырысына қатысқан №4 мектеп-лицейінің ата-аналар комитетінің ұсынысына сәйкес, мектеп аумағында жол қауіпсіздігі белгілерін орнату;
Жол жөндеу жұмыстарын жүргізу алдында автокөліктердің кедергісіз жүруін қамтамасыз ету мақсатында алдын-ала өзгерістерді сілтейтін жол белгілерін орнатуды қолға алу;
Жол жөндеу жұмыстарының сапасын арттыру мақсатында техникалық қадағалаушыларға талаптарды күшейту;
Жол жөндеу жұмыстарын сапасыз орындап, ескерту алған мердігер мекемелердің кепілдік мерзімін ұзартуды қарастыру;
Жол сапасын арттыру мақсатында күрделі жол жөндеу жұмыстарына аса мән беріп, қаражаттардың осы бағытта жұмсалуын қарастыру;
Жол қауіпсіздігінің алдын алу мақсатында қала аумағындағы ескі жолдардың сапасын тексеріп, зерттеу жұмыстарына қаржы қарастыру;
«Халық қатысатын бюджет» жобасының халық арасында таралуын қамтамасыз ету мақсатында түсіндірме-насихаттау жұмыстарын кеңінен жүргізу;
Әйтеке-би көшесіндегі жаңадан салынған астаушыларын тиімді пайдалану мақсатында аяқ судың кедергісіз өтуін қамтамасыз ету;
Қала бойынша көгалдандыру жұмыстарына тамшылап суару әдісін қолданатын жобалар әзірлеу;
«Арай» мөлтек аудандарындағы көпқабатты тұрғын үй аулаларындағы астауларды аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында су ұңғыма құрылысын іске қосу;
Қала аумағында мүгедектігі шектеулі жандарға арналған пандустарды орнату кезінде осы саладағы қоғамдық ұйымдарды тарту және т.б.

Комиссия отырысына қалалық мәслихат депутаттары, қалалық мәслихат төрағасы И.Құттықожаев, қала әкімінің кеңесшісі Ш.Әбдірахманов, жауапты дербес бөлімдер, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» Қызылорда облысы филиалының директоры, мердігер мекемелердің өкілдері қатысты.

БӨЛІСУ