Айбархан Тойманов 2015 жылдан бері жеке кәсіпкер. Осы уақыт арасында ол тұрақты және табысты бизнестің негізін қалауға қол жеткізді. Кәсіпкердің металл бұйымдар жасайтын өндірістік цехы бар.

Тауарларының ассортиментін кеңейту, сондай-ақ нарықта бәсекелестерден ат оздыру мақсатында кәсіпкер мемлекеттің қолдауына жүгінді. Атап айтқанда, «Ұлттық жоба» бағдарламасы аясында субсидия құралын пайдалана отырып «Қазақстан Халық Банкінен» жеңіл несие алды. Қаражат металл кесетін талшықты-оптикалы лазер станок сатып алуға жұмсалды.

Кәсіпорынның облыс тұрғындары үшін стандартқа келмейтін металл профильді есіктер, тент, қалқа, торлы дәнекерленген қоршаулар сияқты сан алуан тауар шығаруға мүмкіндігі бар. Қазір цехта 15 адам жұмыс істейді. Өнімге сұраныс күн санап артып келеді, тек жеке адамдар ғана емес, түрлі кәсіпорындар мен ұйымдар да тапсырыс береді

Дәнекерлеу цехының бір артықшылығы – заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған болса, екінші ерекшелігі – нарықтағы төмен бағадағы өнімдері. Кәсіпкердің айтуынша, ол тауар бағасын халыққа қолжетімді етуге тырысады.

– «Мамандығым бойынша дәнекерлеушімін. Осы салада 10 жылдан астам жұмыс істеп келемін. Металды лазермен кесуді қолдану металл өңдеудің ең жоғары технологиялы және заманауи әдісі деп атауға болады. Қазір металл бұйымдарына сұраныс өте жоғары. Көптеген тұтынушылар сәнді металл қақпаларға, өрнектелген әткеншектерге тапсырыс береді. Айына 20-25 қақпаға дейін шығарамыз», – дейді Айбархан Тойманов.

БӨЛІСУ