Бүгін аудан әкімі Асқарбек Есжановтың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссия отырысы өтті. Комиссия отырысында күн тәртібіне сәйкес екі мәселе қаралды.

Бірінші мәселе бойынша аудан аумағында жеке тұрғын үй секторларындағы өрт қауіпсіздігі ереже талаптарын сақтау мен көмір қышқыл газынан улану фактілерінің алдын алу және Төтенше жағдайлар қаупі туындаған уақытта аудан халқын құлақтандыру мақсатында азаматтық қорғаудың құлақтандыру жүйесінің жай-күйі тыңдалды. Екінші мәселеге сәйкес аудан көлеміндегі егін жинау науқаны кезіндегі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыстар талқыланды.

 Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша аудан әкімі бірқатар тапсырмалар берді.
Жалағаш ауданының Төтенше жағдайлар бөліміне жергілікті атқарушы орган қызметкерлерімен бірлесіп аудан аумағында орналасқан барлық тұрғын үйлерді аралап өрт қауіпсіздігі бойынша түсіндірме жұмыстарын сапалы түрде жүргізу тапсырылды. Өрт қауіпсіздігі тақырыптарындағы арнайы үн парақтар әзірлеп осы кезден бастап жүйелі түрде түсіндірме жұмыстарын жасау қажеттігі айтылды. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар ішінен жөндеуді қажет ететін зақымдалған жылыту пештері мен электр сымдарын ауыстыруға немесе қалпына келтіру бағытында тиісті мекемелермен бірлескен жұмыстар атқару ұсынылды.

Екінші мәселе бойынша аудан әкімі егін жинау басталғанға дейін шаруа қожалықтарға өрттің алдын алу бағытында үгіт-насихат жұмыстарын күшейтіп, техникаларына қарау, қадағалау жұмыстарын жіргізу қажеттігін айтты. Егін қалдықтарын кезең-кезеңімен өртеу кестесін әзірлеп, шамадан тыс өртеу жағдайларына жол берілмеуін қадағалау керектігі ескертілді. Орман қорымен шекаралас егістік алқаптарына мониторинг жүргізіп, анықталған орындарды өрттің таралу қаупінің алдын алу мақсатында тиісті шаралар қабылдау жауапты сала басшыларына тапсырылды.

БӨЛІСУ