12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай аудан әкімі Асқарбек Есжанов белсенді жастармен кездесті.

Аудан жастарымен еркін, бір-біріне жанашыр жандар ретінде кездесуді жөн көрген аудан әкімі, басқосуда ашық пікір алмасып, ұтымды ұсыныстар арқылы жүйелі жұмыс жасау тетіктерін қарастыру қажеттігін айтты.

Алдымен Асқарбек Есжанов Жалағаш ауданында жастар саясатының жүзеге асырылуы барысына тоқталды.

– Аудан бойынша 35 жасқа дейін 10966 жас бар, бұл жалпы халықтың 30 пайызын құрайды. Қазіргі таңда мемлекеттік жастар саясатын қаржыландыруға жергілікті бюджеттен 18 млн.теңге және жастарды дамыту мен қолдауға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 3 жобаны жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 4,2 млн.теңге қаржы бөлінді. Жастарды кәсіпкерлікке тарту бағытында да нақты жұмыстар атқарылуда. Аудан бойынша қазіргі уақытқа дейін 1273 субъекті немесе 38 пайызын 18-35 жас аралығындағы жас кәсіпкерлер құрап отыр. Жыл басынан ауданнан мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпкерлікті бастау немесе дамыту бағытында 15 жастың жобасы 132 млн теңгеге қаржыландырылды. Сондай-ақ, жыл басынан «Аграрлы несие корпорациясы» АҚ арқылы жастар кәсіпкерлігін бастау немесе дамыту бағытында аудан бойынша 22 жоба қатысып, қазіргі таңда 11 жоба 51,5 млн теңгеге қаржыландырылды. Біз мұнымен тоқмейілсіп қалмауымыз керек,- деді.

Кездесу барысында жастар тарапынан қызық сұрақтар мен ұтымды ұсыныстар айтылды. Аудан әкімі жастардың дамыған заман талабына сай әркез осындай жаңашыл болу қажеттігін сөзге тиек етті. Белсенді жастардың бірі Бақдәулет Шарапат Жалағаш кентінің орталығынан жастар аллеясы салынса деген аудан жастарының ұсынысын жеткізді. Бұл ретте Асқарбек Есжанов кент орталығын абаттандыруда жастардың ұсынысын қолдайтынын айтты. Келесі жылы аталған ұсынысты жүзеге асыру бағытында жұмыстар жасалатын болады.

Сондай-ақ басқосу барысында қоғамдық жұмысқа белсенді атсалысқан, жасынан шаруаны ширақтаған, білім көкжиегінде білімді шәкірттер өсірген, өнерімен танылып спортты жанына серік еткен үздік жастар аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Сонымен қатар жастар кеші өз жалғасын тауып, Асқарбек Темірбекұлы алау жанында шығармашыл жастардың өнерін тамашалады.

12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай ұйымдастырылған жиынға аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов және жауапты сала бойынша орынбасарлар, бөлім басшылары мен кент әкімі қатысты.

БӨЛІСУ