Аудан әкімі Асқарбек Есжанов көлік қызметкерлері мен құрылысшылар күні мерекелеріне орай қабылдау өткізіп, сала ардагерлері мен мамандарын айтулы кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Қабылдау барысында аудан әкімі елмен елді жалғастырып, алысты жақын етіп, берекелі бірлікке ұластырып отырған көлік саласының маңызы зор екенін жеткізді. Ауданның, ауылдың сәнін келтіріп, айшықтандырып тұрған құрылыстарға қолтаңба қалдырып, өңір аумағында әлеуметтік және өндірістік нысандарды сапалы және мерзімінде іске қосуға атсалысып жүрген мәртебелі мамандық иелерінің құрылыс саласында еңбек етіп жүргенін айтты.
«Бүгінде ауданда жолаушылар тасымалы қызметін 2 жауапкершілігі шектеулі серіктестік көрсетеді.
Ерекше айта кетерлігі, Жаңадария, Аққыр бағыттары облыстық мәслихаттың шешіміне сәйкес әлеуметтік маңызы бар қатынастар тізбесіне енгізілді.
Субсидия беру мерзімі 3 жылға белгіленіп, Жаңадария бағытына бір жылға 2 млн. 373 мың теңге, Аққыр бағытына 2 млн. 738 мың теңге, барлығы 5 млн. 110 мың теңге аудан бюджетінен қаралып, төленіп отыр.
Аудандағы маңызы зор тағы да бір көлік түрі ол – темір жол. Аудан бойынша тәулігіне 100 адамға дейін қызмет көрсету мүмкіндігі бар темір жол вокзалы 2013 жылдан бастап жолаушыларға қызмет көрсетіп келеді.
Сондай-ақ, 2023 жылдың І жартыжылдықтың қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 3 млрд. 350 млн. теңгеге орындалып, өткен жылмен салыстырғанда 134,6 пайызға артқан.
Еліміз тәуелсіздік алған жылдан бері ауданымызда құрылыс саласы қарқын алды. Жалағаш ауданында әлеуметтік салада 17 медициналық ұйымдар, 7 мектеп, 28 балабақша, 45 спорттық кешендер мен балалар ойын алаңдары салынып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Үш ауысымды және апаттық жағдайдағы мектептер мәселесі түбегейлі шешілді.» – деді аудан әкімі.
Еселі еңбектері қос саланың мамандары мен ардагерлері арнайы Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің «Алғысымен» , облыс әкімінің «Құрмет грамотасымен» және аудан әкімінің «Алғысымен» марапатталды.
Салтанатты шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев аудан тарихында өз қолтаңбасын қалдырып, адал еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген сала қызметкерлерінің жұмысына сәттілік тіледі.
Халыққа қызмет көрсетудің ең қажетті де қашан да өзекті көлік саласын дамыту мен жетілдіру ісіне көп жылдар бойы аянбай еңбек етіп келген Қасым Жұбатыров және құрылыс саласының ардагері Болатбек Жәнібеков бүгінгі қабылдаудың маңыздылығын айтып, ауданның дамуы жолында аянбай еңбек ететін білікті мамандар үшін бұндай салтанатты жиындардың орны ерекше екенін жеткізді.