Бүгін күндердің сұлтаны болған қасиетті жұма күні Майлыбас ауылдық округіне қарасты теміржол бойындағы Майлыбас бекетінде жаңа мешіттің ашылу рәсімі өтті.
Имандылық үйінің ашылу салтанатына Қызылорда облысының бас имамы Абуов Болатбек қажы арнайы келіп, жаңа мешіт халықтың рухани жаңғырып өркендеуіне үлес қосатын, жастарды жақсы бағытта тәрбиелеуге үлкен мүмкіндік беретін орын екенін жеткізді.
Бұдан бөлек, аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекпанов және Қазалы ауданының құрметті азаматы Нәжмадин Мұсабаев елді мекен тұрғындарын қуаныштарымен құттықтап, жиылған жамағатқа ақжарма лебіздерін арнады.
Елді мекен орталығынан жаңа мешітті салуға мұрындық болған – еңбегі елге сіңген азамат, осы өңірдің тумасы Жұмақан Байсалбайұлының ұрпақтары. Бүгінде бақилық болған ағамыздың ұрпақтары мен оның қызы Мадина Байсалбаева игі істі жалғастырып мешіт құрылысын толықтай аяқтап, ел-халықтың ыстық ықыласына ие болды.
“Талап – пендеден, қолдау – Тәңірден” дейді дана халқымыз. Құлшылық жасайтын қасиетті мекен талапты жастардың басын қосып, имандылыққа бастайтыны анық.