Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев бекітілген кестеге сәйкес Қарашеңгел, Құмжиек және Басықара ауылдық округінің халқымен кездесіп, талап-тілектерін тыңдады.

Аудан басшысы ең алдымен Жалаңтөс батыр ауылына ат басын бұрып, ауылдық клубтың алдына жиналған тұрғындарға сәлем берді. Бірінші кезекте жыл басынан бергі жағымды жаңалықтармен бөлісіп, алдағы жоспарларға да тоқталды.

Сөз кезегі ұсыныс-пікірлер келгенде ауылдың тұрғындары елді мекендегі жарықтың жиі сөнетінін көтерді. Аудан басшысы аталған мәселені назарға алып, тиісті орындарға тапсырма жүктейтінін айтты. Сонымен қатар, басқосу соңында ауыл тұрғындарын жеке мәселесі бойынша қабылдап, ұсыныстардың ескерусіз қалмайтынын жеткізді.

Мұхтар Әуесұлы ауылдағы мектеп пен балабақшаның жаңа оқу жылына дайындығын да сұрап, жылудың жағдайынан хабар алды.

Аудан басшысы мұнан соң Қ.Пірімов пен Басықара ауылдарына да арнайы барып, тұрғындармен кездесті.

– Жуырда облыстық “Үлгілі елді мекен” конкурсы өтті. Онда «Үздік аудан орталығы» номинациясы бойынша Қазалы ауданы, Әйтеке би кенті үшінші орынға қол жеткізді. Аймақ басшысы соңғы үлгідегі жаңа техникалар ассенизатор машинасы мен жол тазалайтын тракторды табыс етті. Бұл жетістік – аудан халқының бірлігі мен қажырлы еңбегінің нәтижесі десек болады.
Сондай-ақ, Әйтеке би кентінде 14 көше асфальттанып, 24 көшеге қиыршық тас төселетін болады. Сол секілді Қазалы қаласындағы 15 көше асфальттау жұмыстары жүргізіліп келеді.
Бұдан бөлек, биыл Абай ауылын газдандыру жұмысы басталды. Осы ретте Сіздермен тағы бір жағымды жаңалықпен бөліскім келіп отыр. Ол Абай, Кәукей және Бозкөл ауылдарындағы дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталғаны, – деген аудан басшысы жағымды жаңалықтармен қатар, алдағы күннің еншісіндегі мақсат-міндеттерді де тілге тиек етті.

Қ.Пірімов ауылының тұрғындары ауыз су беру мәселесі, балабақша салу, жарық және тұрғын үй кезегі жайлы қозғады. Ал, Басықара ауылында өткен басқосуда спорт кешенін салу, жарық жайы, көшелерді асфальттау, бұлақ қазу және жедел жәрдем көлігі қажет екені айтылды.

Қос елді мекен тұрғындары тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлерді Мұхтар Әуесұлы мұқият тыңдап, барлығына да жауап берді. Халықтың айтқан әрбір ұсынысын үнемі назарда ұстап, олардың оңтайлы шешілу жолдары қарастырылатынын жеткізді. Сонымен қатар кейбір мәселелерге қатысты сала мамандары түсініктеме беріп, заңдылықтарға сәйкес жауаптарын айтты.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев елді мекендерге сапары кезінде бірнеше азаматтарды да жеке қабылдап, олардың мұң-мұқтаждарын тыңдады.

Айта кетейік, халықпен кездесулерге аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Талайлы Бөріқұлақов, аудандық мәслихат депутаты Әділбек Сарабеков және бірқатар дербес бөлім мен мекеме-кәсіпорын басшылары қатысты.

©️Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

БӨЛІСУ