Бүгін қала әкімінің орынбасары Жанмұрат Сейілов бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, жұмыс барысымен танысты.
Жанмұрат Жақсымұратұлы аралау жұмыстарын мүгедектігі бар адамдарға арналған компьютерлік орталығынан бастады. Қазіргі таңда орталық қызметін «Мүгедектігі бар адамдар мен жеке көмекшілер үшін компьютерлік сауаттылыққа оқытуды ұйымдастыру» әлеуметтік жобасы аясында «Жігер» Қызылорда облысының мүгедектерінің қоғамдық бірлестігі үйлестіріп келеді. Жоба аясында мүгедектігі бар адамдар мен жеке көмекшілер компьютерлік базалық дағдыларға бейімделуде. Соның нәтижесінде жыл басынан бері барлығы 421 адам әлеуметтік қызметтер алып, 192 адам компьютерлік оқу курстарына қатысқан.
Келесі нысан – «Қазақ саңыраулар қоғамының» Қызылорда облыстық филиалы ғимараты. Орталық есту және сөйлеу қабілеті бұзылған мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың жеке бағдарламасы негізінде кәсіби сурдоаударма жасау бойынша ымдау тілі мамандарының қызметтерін жүзеге асырады. Қала бойынша естуінен мүгедектігі бар 184 адамға 17 ымдау тілі мамандары қызмет ұсынуда.
Одан кейін Жанмұрат Жақсымұратұлы «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалына табан тіреп, көзі нашар көретін мүгедектігі бар адамдарды қолдау қызметімен танысты. Аталған оқу-өндірістік кәсіпорын 1990 жылдан бастап тігінмен айналысып келеді. Мұнда 21 қоғамдық қызметкер қызмет етуде.
Қала әкімінің орынбасары әрі қарай «Қызылорда қалалық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі ғимаратында болып, мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсету бойынша жасалып жатқан жұмыстармен танысты. Жанмұрат Жақсымұратұлы мүгедектігі бар жандарды қолдау әрі қоғамға бейімдеу мақсатында орталыққа кәсіпкердің демеушілігімен екі тігін машинасын табыс етті.
Кездесу барысында мекеме қызметкерлерінің мүгедектерге арналған тұрақ белгісін орнату, қажетті құрал-жабдықтарды алу және ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша берілген ұсыныстары тыңдалып, мәселелерге орай нақты шаралар қабылданатын болды.