Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен 2023 жылдың 6 айының қорытындысына арналған мәжіліс өтті. Онда Қызылорда облысының даму жоспарындағы көрсеткіштердің орындалуы, шағын және орта бизнестің дамуы бойынша атқарылған жұмыстар талқыланды.

Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің өңірлік деңгейдегі негізгі стратегиялық құжаты – “2021-2025 жылдарға арналған Қызылорда облысының даму жоспары”. Аймақ басшысы жоспарда көзделген нысаналы индикаторлардың сапалы әрі мерзімінде орындалуын қамтамасыз етіп, тиімділігін арттыру керектігін атап өтті.

«Биыл 120 нысаналы индикатордың орындалуы көзделген. Жыл соңына дейін 22 көрсеткіштің жоспарлы мәніне қол жеткізілмеуі мүмкін. Өздеріңізге мәлім, барлық облыстық басқарма басшыларына, аудан, қала әкімдеріне даму жоспарының нысаналы индикаторларының орындалуын қатаң бақылау тапсырылды. Дегенмен бірқатар нысаналы индикаторлардың жыл соңына дейін орындалмау қаупі бар», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Қамбарбек Мүбәраков 6 айдағы даму жоспарының орындалуы туралы баяндама жасады. Баяндамашы облыстық басқармалардың нысаналы индикаторларды орындау барысын саралап, әрбір көрсеткішке талдау жасады. Орындалмауы мүмкін көрсеткіштерді дәлелді түрде төмендету, 25 %-дан асыра орындалатын көрсеткіштердің жоспарлы мәнін көтеру үшін тиісті салалық министрліктермен жұмыс атқаруды ұсынды.

Орындалмауы ықтимал индикаторлар облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, денсаулық сақтау басқармаларына тиесілі. Аталған сала басшылары нәтижеге қол жеткізу үшін әрбір көрсеткішке талдау жасауы тиіс. Оларға орындалмау қаупі бар мәнді көрсеткіштерді дәлелді түрде төмендету немесе асыра орындалатын көрсеткіштердің жоспарлы мәндерін көтеру бойынша салалық министрліктермен жұмыс атқару тапсырылды. Барлық мемлекеттік орган басшыларының әр тоқсан сайын белгіленген индикаторлар нәтижесі бойынша есебі облыс әкімінің төрағалығымен өтетін мәжілісте қаралады.

Жиында 6 ай қорытындысымен шағын және орта бизнестің дамуы туралы облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Исатай Аңсат баяндама жасады. Басқарма басшысының айтуынша, шағын және орта кәсіпкерлікте 77590 субъекті тіркелген. Кәсіпкерлік субъектілерінің өсу қарқыны бойынша облыс республикада 4 орында. Биыл кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға әртүрлі көздерден шамамен 23 млрд. теңгеге жуық қаржы қарастырылды. Жарты жылда 2 мыңнан аса жобаға қаржылай қолдау көрсетілді. Облыс әкімі кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына шағын және орта кәсіпкерліктің негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінің өсімін қамтамасыз етуді және жалпы өңірлік өнімдегі үлесін 21,5%-ға арттыруды тапсырды. Сонымен қатар жауапты басқарма орта бизнестің үлесін 9%-ға жеткізу бағытында нақты жұмыстарды үйлестірілуі керек.

©️Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

БӨЛІСУ