Жастар – елдің ертеңі, ұлттың үкілеген үміті. Сондықтан жастар саясатына тың өзгерістер мен жаңаша ұғым қалыптасып, түрлі қолдау қажет. Дәстүрлі түрде «12 тамыз – Халықаралық жастар күні» мерекесі биыл да облыс көлемінде түрлі бағытта аталып өтілмек. Осы орайда, облыстық жастар орталығының ұйымдастыруымен «Жастармен бірге Open Air» мерекелік кеші өткізілді. Аталған шараға облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов қатысып, сырбойылық жастарды мерекесімен құттықтады.
– Жастар – қашанда асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы. Қай елдің болмасын басты капиталы халқы десек, соның ішінде жастар – қоғамның жетекші күші ретінде еліміздің дамуы үшін жауапты екені сөзсіз. Сыр елінің жастары қашан да қайсарлығымен, белсенділігі мен жарқын болашаққа ұмтылуға құштарлығы арқылы артылған сенім үдесінен шығып келеді. Қазір елімізде жастар саясатына қатысты барлық мүмкіндік қарастырылған. Оның бір дәлелі – биыл Мемлекеттік жастар саясаты туралы Заңға өзгерістер енгізіліп, жастар санаты 35 жасқа дейін ұзартылды. Сондай-ақ, жергілікті мемлекеттік органдарды бағалау көрсеткішіне «Жастардың даму индексі» қосылып отыр. Мемлекет басшысының «Бізге ешкім сырттан келіп, ештеңе жасап бермейтіні анық, бәрі өз қолымызда» деген сөзі бар. Жастық жалындарыңыз бен күш-жігерлеріңізді аймақтың дамуына, өсіп-өркендеуіне жұмсайтындырыңызға сенемін, – деді Алмасбек Әбілқасымұлы.
«Жасында жалықпасаң, қартайғанда тарықпайсың» деген қазақта қанатты сөз бар. Еліміздің керегесі берік, шаңырағы мәңгі болуы үшін қанатын қомдап, туған жерінде еселі еңбек етіп келе жатқан жастар қауымы жетерлік. Іс-шара барысында жаспын деп жасқанбай, кедергілерге қарамай табысты еңбек етіп, жастар саясатына үлес қосқандарға ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Қызылорда облысы әкімінің алғыс хаттары табысталды.
Сондай-ақ, гала-концертте өңірдің өрендері өнер көрсетіп, көрермен көзайымына айналды. Бұған қоса, спорттық сайыстар, «Қарбыз Fest», қыз-келіншектердің кондитерлік өнімдері және жас кәсіпкерлер көрмесі ұйымдастырылды. Іс-шара соңында қаламыздың белгілі жұлдыздары өнер көрсетіп, мерекелік от-шашумен салтанатты кеш қорытындыланды.