Арал ауданына жыл басынан бері 7,7 млрд. теңгеге жуық инвестиция тартылып, өсім 2 есеге артты. Сәйкесінше, тартылған инвестицияның 75 пайызы, яғни 5,8 млрд теңгесі ауылдық жерлерге, қалған 1,9 млрд теңгесі Арал қаласына салынған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз конференциясында Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов баяндады.
-Ал өткен жылы 16,7 млрд. теңге инвестиция тартылса, 2023 жылға 24 млрд. теңгедей инвестиция тарту жоспарымызда бар. Оның ішінде жеке сектор қаражаты есебінен 10 млрд теңгеге жуық қаржыға 14 жобаны іске асыру көзделуде. Осы жылдың бюджеті 18,5 млрд теңгеге жетіп отырса, есепті кезең ішінде ауданның барлық кірістері, трансферттерді қоса алғанда 7 млрд теңгені құрап, 103,0 пайызға артық орындалды. Оның ішінде өз түсімдеріміз 1753,0 млн теңгені құрап, 13 пайыз артық орындалып, жылдық жоспардың 55 пайызын құраса, даму бюджетіміз 11,6 млрд. теңгеге жетті. Сондай-ақ аудандағы өнеркәсіп орындары 13,6 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өсім 5,9 пайызға жетті. Өндірілген өнеркәсіп өнімдерінің 73 пайыз өңдеу саласына тиесілі. Есепті мерзімдегі өңдеу өнеркәсібінің өсімі 2,4 пайызға жетіп, 9,9 млрд теңгені құрады.Тиісті кезеңде 472,5 мың тонна тұз, 75,9 мың текше метр табиғи құм қазылып, 135 мың тонна йодталған тұз, 531 тонна нан және нан өнімдері өндірілді. Бұған қоса, «2021-2025 жылдарға арналған Индустриялық дамытудың тұжырымдамасы» аясында жалпы құны 168,7 млрд. теңгені құрайтын, іске қосылғанда 1303 адамды жұмыспен қамтитын 9 жоба енгізілген болса, оның ішінде жалпы құны 3,6 млрд. теңге болатын 2 жоба іске қосылып, 268 азамат жұмыспен қамтылды. Атап айтқанда, қуаттылығы 120 мың тонна ас тұзын өндіретін «Аралтұз» АҚ-ы мен жылдық қуаттылығы 120 мың тонна байытылған кварц құмын өндіретін «Арал кварц» ЖШС-нің жобалары тұрақты түрде жұмыс істеуде. Қазіргі таңда, бірыңғай индустрияландыру картасына қосымша жалпы құны 7,2 млрд. теңге болатын, іске қосылғанда 439 азаматты жұмыспен қамтитын 4 жобаны енгізу мақсатында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Арал қаласының солтүстік-шығыс бетінде орналасқан индустриялық аймақтағы жер телімдері толықтай игеріліп, қосымша 10 гектар жер табысталды. Қазіргі уақтта жалпы көлем – 16 гектарды құрады,-деді Серік Сағитжанұлы.
Айта кету қажет, жақында «Берекет» шаруа қожалығының айына 1 тонна өнім өндіретін «Тұшпара цехы» іске қосылып, 4 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Арал ауданында кәсіпкерлікпен айналысушылар саны едәуір артып келеді. Тиісінше, ауданда жыл басынан бері тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі – 6 599 бірлікті құрап, 38,4 пайызға артты. Тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің ішінде нақты жұмыс істеп тұрғандардың үлесі 95,0 пайызды құрайды. Аталмыш бағытты қаржылай қолдау мақсатында мемлекеттік бағдарламалар мен жалпы қаржы институттары арқылы 140 жоба несиелендірілі. Бұдан бөлек, кәсібін енді бастаған азаматтарға қайтарымсыз грантпен қаржыландыру бойынша 70 жобаға қолдау көрсетілді. Бұл жөнінде Қызылорда облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов хабарлады.
–Өткен жылдың соңында аудан орталығында кәсіпкерлерге арналған «Кәсіпкерлік үйі» бой көтерді. Қазіргі таңда нысан кәсіпкерлерге және кәсібін бастаймын деген азаматтарға кеңес беру секілді қызмет түрлерін ұсынады. Осының нәтижесінде теңізді өлкеде кәсіппен айналысушылар қатары көбейіп келеді. Сондай-ақ қала, кент және ауылдық округ бөлінісінде жоспарланған жобалар тізімі бекітіліп, тұрақты түрде жұмыстар атқарылып келеді. Мәселен жалпы құны – 5 678,5 млн.теңгені құрайтын, іске қосылғанда 388 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын 58 жоба іске қосылады деп жоспарланған болатын. Бүгінде оның 13 жобасы өз жұмысын бастап, нәтижесінде 41 адам жұмыспен қамтылды. Осы жылдың өзінде мемлекеттік бағдарламалар аясында айналым қаражатын толтыруға 26 кәсіпкер 335,9 млн.теңге көлемінде төмендетілген несие қаражатын алды. Ауданымыздың бөлшек сауда көлемі де артып, 4,9 млрд. теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 37,8 пайызға көбейген.
Биыл Кіші Арал теңізінен 6651 тонна балық ауланып, 2430 тонна балық өңделді. Сондай-ақ осы жылдың 1 шілдесіне барлығы 1266 тонна балық өнімдері экспортқа шығарылды. Жалпы Арал ауданында жылдық қуаттылығы 24000 мың тонна болатын 9 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Оның 2-де «Еврокод» белгісі бар. Бұдан басқа, аудан төңірегінде 10-нан астам шағын балық цехтары да өз кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз конференциясында Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов мәлімдеді.
Аудан аумағында маңызы бар Кіші Арал теңізінің 18 учаскесі, Сырдария өзені және 20 көл бар. Оның 17-сі табиғат пайдаланушыларға ұзақ мерзімге берілген, 3 көл резервте.
-Облыс бойынша балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы бекітілген болатын. Бекітілген бағдарламада ауданға қатысты тауарлы балық өндірісін ұлғайту үшін 7 тауарлы көліміз тізімге енгізілді. Соған байланысты, бүгінгі күнге 3 тауарлы көлге инфрақұрылым жүргізу үшін жоба-сметалық құжаттамалары әзірленді. Бұдан бөлек, жоғарыда аталған бағдарлама аясында тоғанда балық өсіру жобасында қолға алдық. Қазіргі таңда, ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласын дамыту Жол картасы аясында биыл7 қолдан балық өсірутоғанын ашу жоспарымызда бар. Сонымен қатар, 2022 жылы тоғанда балық шаруашылығын өсіру жобасын іске асыру аясында 3 жобаны іске қосылды. Қолдан балық өсіру тоғанында негізінен сазан, ақамур, дәумаңдай балық шабақтарын өсіріп жатыр.Сонда аудан бойынша барлығы 2 жыл ішінде 10 қолдан балық өсіру жобасы орындалады,-деді аудан әкімі Серік Сермағамбетов.
Айдынды Аралда ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында 3 бағытты қамтитын арнайы Жол картасы қабылданған болатын. Осыған сәйкес, ауыл шаруашылығы өнімдері былтырғы жылмен салыстырғанда 101,6 пайызға артып отыр. Аталмыш саланы одан әрі дамыту мақсатында Жол картасына биыл қосымша 12 жоба қосылды. Бұл туралы Қызылорда облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов мәлімдеді.
–Бастапқы кезеңде, бекітілген Жол карта бойынша 792 млн.теңгені құрайтын 30 жоба іске асыру жоспарланса, бір жарым жыл ішінде атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 281,8 млн.теңгенің 23 жобасы орындалып, 43 адам тұрақты және маусымдық жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар, ауданымызда соңғы екі жылда төрт-түлік мал саны 12 мыңнан астам басқа өсіп, көбейді. Сәйкесінше, мал шаруашылығынан алынатын өнімдер де артқан. Атап айтқанда, ет өндіру 102,7 пайызға, сүт 102,3 пайызға, жұмыртқа 101,1 пайызбен өндірілді. Ал ендігі кезекте егін шаруашылығына тоқталсақ, биыл 15 елді мекен 1010,3 гектар жерге егін егіп, егіс көлемі бес есеге ұлғайды. Былтыр Аралдық шаруалар 3 мың тоннадан аса өнім алса, осы жылы бұл көрсеткішті 5 мың тоннаға жеткізуді көздеп отыр. Бұдан бөлек, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жеке тұрғындардың бау-бақша және көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету бойынша 40-тан астам отбасыға қосымша жер берілді, – деді аудан әкімі Сермағамбетов.
Аудан басшысы бағаны тұрақтандыру мәселесіне де тоқталып өтті. Айтуынша, Арал ауданында бір коммуналдық базар, 9 әлеуметтік бұрыш пен 1 әлеуметтік дүкен тұрғындарға қызмет көрсетуде. Нәтижесінде аса маңызды деп танылған азық-түлік тауарларында баға тұрақтылығы сақталған.
Жыл өткен сайын Арал ауданы ерекше көркейіп, абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мәселен, өткен жылы 95 жылдығын атап өткен Арал қаласында биыл 42 көшеге түнгі жарықтандыру жұмыстары жүргізілетін болады. Сондай-ақ, демеушілердің есебінен халыққа қажетті әлеуметтік нысандар да бой көтермек. Бұл туралы Қызылорда облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Арал ауданының әкімі Серік Сағитжанұлы хабарлады.
–”Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері” ұлттық жобасы аясында тұрғындарға қолайлы демалыс орындарын ұйымдастыру мақсатында былтыр басталған «Балықшылар аллеясына» абаттандыру жұмыстары жалғасын табуда. Одан бөлек, биыл «Жалаңтөс Баһадүр» алаңы толық абаттандырылып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Ерекше атап өту керек, аймақ басшысының бастамасымен алғаш рет өткізілген «Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсында Аманөткел ауылы «Үлгілі ауыл» номинациясы бойынша үшінші орынды жеңіп алды. Бұл біз үшін зор мәртебе. Осының арқасында коммуналдық саламыз әмбебап трактор техникасымен толықты. Былтыр Арал қаласының 95 жылдығы мен «Балалар жылы» аясында кәсіпкерлеріміздің қолдауымен 6 ойын алаңы ашылды. Бұл игі іс биыл да жалғасын тауып, ауданда спорт пен ойын алаңдарын салуға, әлеуметтік нысандардың жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеуге жергілікті кәсіпкерлер қолдау көрсетіп келеді, – деді аудан әкімі Серік Сермағамбетов.