Биыл Сырдария ауданында өнеркәсіп өндірісі 68,5 пайызға ұлғайса, өңдеу өнеркәсібі 3,4 пайызға, ауыл, орман және балық шаруашылығының өнімі 1,4 пайызға өсті. Ал инвестиция 72,4 пайызға, тұрғын үй 26,9 пайызға және құрылыс жұмыстарының көлемі 5,3 есеге артқан. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз конференциясында Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаев баяндады.

-Осы жылдың соңына дейін құны 1,9 млрд теңгені құрайтын 10 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланды. Ал жеңілдетілген несие алу үшін 414 млн теңгені құрайтын 49 жобаның құжаттары қаржы ұйымдарымен қарастырылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, халықтың табысын арттыру мақсатындағы «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысуға аудан халқы белсенділік танытуда. Бүгінде бағдарлама аясында 3 млрд теңгені құрайтын 489 жобаның құжаты дайындалып, «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына ұсынылуда,-деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Сондай-ақ ауданда 3247 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеп тұр. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 34 пайызға өскен. Жалпы осы жылдың 6 айында мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында 184 жобаға қаржылай қолдау көрсетілген.

Биыл Сырдария ауданында егілген егістің көлемі 7,8 пайызға артқан. Дәлірек айтқанда, 35 мың 732 гектарға ауыл шаруашылығы, оның 23 мың 500 гектарына күріш, 12 мың 232 гектарына басқа дақылдар егілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз конференциясында Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаев хабарлады.

– Ауданымыз аграрлы аймақ болып табылады. Осы ретте, егін егу жұмыстары жоспарға сәйкес толығымен жүргізілді. Соңғы жылдары аймақта су тапшылығы мәселе тудырды. Осыған байланысты облыс әкімінің қолдауымен 2022 жылы шаруашылықтарға 22 насос алынды. Биыл қосымша 4 насос алынып, бүгінде ауданда 32 насоспен егінге су жеткізілуде. Нәтижесінде, егіннің күтімін жасауда кедергілер жоқ.Өздеріңіз білетіндей, өткен жылдан бері аймақ басшысының тапсырмасымен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бақша дақылдарын егу жұмыстары басталды. Ауданда 2022 жылы 210 гектар қосымша жер ашылып, 865 отбасы бақша дақылдарын екті. Ал биыл жер көлемі 359 гектарға дейін артып, 1105 отбасы әлеуметтік маңызы бар картоп, көкөніс, бақша өнімдерін орналастырды. Бұл бағытта жастар белсенділік танытуда. Былтыр 2 ауылда жастар бригадасы 20 гектарға егін ексе, биыл қосымша 4 ауылда жастар бригадалары құрылып, 60 гектарға бақша дақылдарын орналастырды,-деді аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы.

Сырдария ауданында әлеуметтік маңызы бар нысандар қатары толығып, құрылыс саласы айтарлықтай дамып келеді. Тиісінше, биыл 7,4 млрд.теңгені құрайтын 62 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұған қоса, осы жылы жол жөндеу саласына қатысты 30 жобаға 1 млрд.теңге қаржы бөлініп, 14,3 шақырым жол қайта жөнделмек. Бұл туралы Қызылорда облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаев хабарлады.

– Биыл ауданымызда «Ауыл ел бесігі» жобасы аясында құны – 488,7 млн.теңгені құрайтын 12 жоба, ал облыстық бюджеттен 335,2 млн.теңге болатын 19 жоба және өтпелі саналған 3 жоба жүргізілуде. Осыған сәйкес, «Қызылорда-Айдарлы-Тартоғай» және «Шымкент-Самара-Тереңөзек» автомобиль жолына қайта жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Бұдан бөлек, ауданымызда тозығы жеткен электр желілерін қайта жаңарту бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда құны 2,7 млрд.теңгені құрайтын қаржыға Айдарлы, Аманкелді, Жетікөл, Қоғалыкөл, Шаған елді мекендерінің электр бағаналары мен желілері және трансформаторлары толық жаңартылады. Ал Тереңөзек кенті, Қалжан ахун, А.Тоқмағамбетов, С.Сейфуллин елді мекендеріне жаңа электр желілерін орнатуға демеушілер есебінен қажетті жобалар қарастырылады, – деді аудан әкімі Берік Сәрменбаев.

Аудан әкімі баспасөз конференциясында ауыз су мәселесіне де тоқталып өтті. Айтуынша, биыл демеушілердің қолдауымен ауыз су құбырын жаңарту үшін 6 жоба әзірленбек. Осылайша, Шаған және Қоғалыкөл елді мекендері толық ауыз сумен қамтылмақ. Ал Тереңөзек кенті мен Аманкелді ауылына қатысты үш жобаны арнайы қаржыландыру күтілуде.

Сырдария ауданына қарасты Қалжан Ахун, С.Сейфуллин, А.Тоқмағамбетов, Шаған елді мекендерін көгілдір отынға қосу үшін республикалық бюджеттен арнайы қаржы бөлініп, газ желілері жүргізілетін болады. Бұл жөнінде Қызылорда облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаев хабарлады.

–Бүгінде Тереңөзек кенті табиғи газбен толық қамтамасыз етілген. Ал ауданға қарасты елді мекендерді газдандыру кезең-кезеңімен жүргізілетін болады. Биыл республикалық бюджеттен құны 298 млн.теңгені құрайтын қаржыға Қалжан ахун ауылына газ желілері жүргізіледі. Ал С.Сейфуллин және А.Тоқмағамбетов ауылдарын газдандыруға 40 млн.теңге қарастырылды. Сонымен қатар, демеушілік есебінен жасалған Н.Ілиясов ауылын газдандыру жобасына бюджеттік өтінім ұсынылса, Бесарық, Ақжарма елді мекендерін көгілдір отынмен қамту жобалары қолға алынды, – деді аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы.

 

 

БӨЛІСУ