2023 жылғы 28 шілде күні сағат 16:00-де Астана қаласында ҚР Ұлттық Музейде ҚР Мәдениет министрлігінің “Мәдениет қайраткері” төсбелгісінің иегері, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, көптеген халықаралық және республикалық көрмелердің қатысушысы Яссауи Ағытаевтың «Дәстүрге толы өмір» атты сырға тұнған туындыларынан құралған жеке көрмесінің ашылуы өтеді.
Суретшінің «Дәстүрге толы өмір» көрмесі сан ғасырлардан келе жатқан көшпенділер мұрасы, Орталық Азияның түрлі мәдениеттерінің ықпалымен қалыптасқан дәстүрлер мен құндылықтардың бай палитрасын қамтитын қазақ әдет-ғұрыптарына арналған жанрлық композициялармен бірге қоғамның мәдени сипаты мен құндылықтары туралы түсінік береді.
Шебердің шығармашылығының әрбір элементі қазақ халқының өмірімен, туған өлке табиғатының қайталанбас әсемдігімен тығыз байланысты. Бұл көрмеде көрермен қарапайым адамдардың өмір энциклопедиясының иллюстрациясы бола алатын тамаша туындылармен таныса алады.
Аталмыш көрмеге 72 дана жәдігер қойылады. Экспозиция ҚР Ұлттық музейінің 6 қабатында орналасқан уақытша көрме залында 2023 жылдың 28 шілде–27 тамыз аралығында болады.