Жалағаш ауданы бойынша электр желілерінің жалпы ұзындығы – 457,5 шақырымды құрайды. Ал электр желілерінің орташа тозу деңгейі 45,2 пайыз. Осыған сәйкес, биыл Ақсу және Қаракеткен елді мекендерінің электр желілерін қайта жаңарту үшін республикалық бюджеттен 270,3 млн.теңге бөлініп, құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған жобалар толық аяқталса аудан бойынша электр желілерінің тозу деңгейі 32,9 пайызға төменделмек. Бұл туралы Қызылорда облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Есжанов хабарлады.

–Былтыр демеушілердің қолдауымен ауданымызға қарасты Ақсу, Қаракеткен, Мақпакөл, Мырзабай ахун, Есет батыр елді мекендерінің электр желілерін қайта жаңарту жұмыстарына жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, республикалық бюджеттің нақтылауына ұсынылған болатын. Осы жылы екі елді мекеннің электр желілері жөнделуде. Ал Мырзабай ахун, Есет батыр елді мекендерінің электр желілерін қайта жаңарту жұмыстарын жүргізуге ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне бюджеттік өтінім ұсынылды. Одан бөлек, Ақтерек учаскесінен подстанция құрылысын салуға жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізуге облыстық бюджеттен 18,1 млн.теңге бөлінді. Қазіргі таңда жоба-сметалық құжаты дайындалу үстінде, – деді аудан әкімі Асқарбек Темірбекұлы.

Жалағаш ауданындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 240,9 шақырымды құрайды. Оның 50 шақырымы – республикалық, 60,6 шақырымы – облыстық, 130,3 шақырымы – аудандық маңызы бар автомобиль жолдары. Сонымен қатар, аудан бойынша ұзындығы – 239,9 шақырымды құрайтын 228 көше бар. Биыл облыстық бюжеттен бөлінген 2 млрд.258 млн.теңге қаржыға жол жөндеу бағытына арналған 10 жоба жүзеге асырылмақ.

–Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының 115 шақырымы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда, ал 8,5 шақырымы қанағаттанарлықсыз жағдайда. Осы орайда, қолға алынға 10 жоба аясында «Есет батыр – Жаңадария» және «Жаңаталап – Аққыр» бағытындағы сондай-ақ, Ақсу ауылына кіреберіс жағындағы аудандық маңызда бар автомобиль жолдары жөнделуде. Сонымен қатар, 1 млрд.333 млн.теңгеге Жалағаш кенті мен бес елді мекеннің 19 көшесіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы жұмыстар аяқталып, пайдалануға берілген жағдайда ішкі көшелердің 148,5 шақырымы жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізіледі. Ерекше айта кететін жәйт, аудан халқының көкейінде жүрген мәселенің бірі – ол кентті екіге бөліп жатқан теміржолдан жаяу жүргіншілердің өтуі болатын. Осы ретте аймақ басшысының қолдауымен құны 328,7 млн.теңгені құрайтын темір жол арқылы өтетін жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпірдің құрылысы басталған болатын. Бұл көпір қараша айында ел игілігіне пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек, Сырдария өзені арқылы өтетін «Қызылорда-Жалағаш» автомобиль жолының 78,2 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі, – деді аудан әкімі Асқарбек Есжанов.

БӨЛІСУ