Жалағаш ауданы – әлеуметтік-экономикалық әлеуеті қарқынды дамып келе жатқан ауданның бірі. Олай дейтін себебіміз, ауданда жыл басынан бері барлық салаларда оң көркеткіш орын алып, ілкімді істер қолға алынған. Атап айтқанда, ауданның өнеркәсіп өндіру саласы 99,8 пайызға, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 91,2 пайызға, ал ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 101,7 пайызға артқан. Бұдан бөлек, ауданның бюджет қазынасы жыл басында бекітілген бюджетпен салыстырғанда 1,1 млрд.теңгеге ұлғайып, 10,3 млрд.теңгені құрап отыр. Бұл туралы Қызылорда облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Есжанов хабарлады.
-Ауданымызда мемлекеттік бағдарламалар аясында жоспарланған жұмыстар іске асырылып, экономикалық көрсеткіштер едәуір артып келеді. Осы жылдың алты айында тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны – 3302 бірлікті құрап, 7,1 пайызға, оның ішінде нақты жұмыс істеп тұрғаны – 223 бірлікке немесе 7,7 пайызға артты. Сонымен қатар, жыл басынан бері аудан бойынша 1 млрд.494,2 млн.теңгені құрайтын 76 жоба қаржыландырылып, 110 адам жұмыспен қамтылды. Одан бөлек, ауданымызда ұзақ жылдар бойы тоқтап тұрған «БИС-Групп» ЖШС қызыл мия тамырын өңдеу зауыты қайта іске қосылып, 31 адам жұмысқа орналасты. Қазіргі уақытта зауытта шығарылатын өнім түрлерін көбейту мақсатында кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін қосымша 30 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Сондай-ақ, өңдеу өнеркәсібіне бағытталған инвестициялық жобалар аясында биыл 1 млрд.30 млн теңгені құрайтын екі жоба басталатын болады. Оның біріншісі – «Бағдаулет-57» фермер қожалығының жалпы құны 530,0 млн.теңгені құрайтын «100 бас ірі қара малына арналған сүт фермасы». Бұл жоба іске қосылған уақытта тәулігіне 3 мың литр сүтті өңдеп шығарады. Қазіргі таңда сүт фермасының құрылысы аяқталды. Осы жылдың желтоқсан айында іске қосылатын болады. Екінші «AB-AGRO» ЖШС-нің тәулігіне 30 тонна күріш ақтау және жем өндіру зауыты. Қазіргі таңда зауыттың құрылысы толық аяқталып, керекті құрал-жабдықтар орнатылуда. Бұл зауыт қараша айында іске қосылады, – деді аудан әкімі Асқарбек Есжанов.
Жалағаш ауданында ауыл тұрғындарының табысын арттыру бағытында «Ауыл аманаты» жобасы жүргізілуде. Осы жобаны қаржыландыру үшін 1 млрд.50 млн теңгені құрайтын 149 жобаның құжаттары әзірленді. Жалпы бүгінгі күнге дейін шағын кәсіпкерлік субъектілерін біріктіру арқылы 12 ауыл шаруашылығының өндіріс кооперативтері құрылды.