Бүгін «Қызылорда жылу электр орталығында» облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен алдағы жылу беру маусымына дайындық мәселелері талқыланған көшпелі штаб отырысы өтті. Отырысқа облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма және жауапты мекеме басшылары, бейнебайланыс арқылы аудан әкімдері қатысты.

Аймақ басшысы жылу беру маусымына дайындық Мемлекет басшысының тікелей бақылауында екенін атап өтті.

«Үкімет дайындық жұмыстарына барынша қолдау көрсетті. Сұратылған қаржы толықтай бөлінуде. Атап айтқанда, биыл жылу жүйелерін жаңғыртуға республикалық бюджеттен 8,2 млрд.теңге берілді. Мұндай көлемдегі қаржы бұрын-соңды бөлінбеген. Ал әлеуметтік нысандардың қазандықтарын жаңғыртуға 300 млн.теңге қаржы қаралды. Енді осы қомақты қаржыны тиімді, уақытылы және сапалы игеруіміз керек. Жылу беру маусымының басталуына санаулы ай қалды. Әлеуметтік нысандардағы жұмыстар 25 қыркүйекке дейін, инфрақұрылымдық жобалар 1 қазанға дейін толықтай аяқталып, 100 пайыз іске қосылуы қажет. Алдағы жылу беру маусымы еш кедергісіз басталуы тиіс екенін қатаң ескертемін», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Жиында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Нұрмағанбетов жауапты маусымға дайындық барысы туралы баяндады. Әрі қарай мекеме басшылары мен аудан әкімдері атқарылған жұмыстар бойынша жеке-жеке хабарлама жасады.

Қорытындысында барлық бюджеттік бағдарлама әкімшілері, басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне, коммуналдық мекеме басшыларына жоспарланған жөндеу жұмыстарының мерзімінде, сапалы орындалуын бақылауға алу жүктелді. 10 қазанға дейін барлығы дайын болуы, жоспарланған қатты және сұйық отын жоспарға сәйкес жеткізілуі керек.

«Қызылорда жылу электр орталығы» басшылығы газотурбиналық қондырғыларды жөндеу, жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстарын мерзімінде аяқтауды қатаң бақылауға алуы тиіс. Вокзал аумағындағы жылу жүйелерін жаңғырту жұмыстарын кәсіпорын есебінен бастауды қамтамасыз ету бойынша міндет қойылды. Ал «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» бюджеттен бөлінген қаржыға электр жүйелерін жаңғырту жұмыстарының сапалы жүргізілуін, мерзімінде аяқталуын қадағалауы керек. Облыстық білім басқармасы білім нысандарын жөндеуді 1 қыркүйекке дейін, қазандықтарды жөндеуді 10 қазанға толық аяқтауды қамтамасыз етуі тиіс. Жылу беру маусымына дайындыққа тікелей жауапты облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына жылу жүйелерін жаңғыртуға республикалық бюджеттен бөлінген қаржының мерзімінде әрі толық игерілуін қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берілді.

БӨЛІСУ