“Бизнеске арналған үкімет” ғимаратының ашық алаңында қала әкімі Асылбек Шаменов кәсіпкерлерді салалық мәселелері бойынша қабылдады.

Бүгінгі кездесуге 30-дан астам кәсібін бастаған тұрғындар келді. Олар несие алу, кәсіп жүргізуге қажетті жер телімін рәсімдеу, мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау алу туралы мәселелермен жүгінді. Шаһар басшысы қабылдауға келгендерге жан-жақты түсіндірме жасап, кәсіпкерлерге және жаңадан кәсіп бастағандарға барынша қолдау көрсетілетіндігін жеткізді.
Қызылорда қаласында 2022 жылы 35 411 шағын кәсіпкерлік субъектілері тіркеліп, 309,8 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Сонымен қатар, 8364 жаңа жұмыс орны ашылды. Облыс бойынша белсенді жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 48,2 %-ы Қызылорда қаласының үлесінде.

Өткен жылы мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жалпы құны 14,8 млрд. теңгені құрайтын 1775 жоба қаржылай қолдау тауып, 2073 жаңа жұмыс орны құрылған. Қаржылай жеңілдіктерге қол жеткізген жобалардың 28%-ы қызмет көрсету саласында, 25%-ы сауда саласы бағытында, 26%-ы ауылшаруашлығы бағытында, 21%-ы өндірістік бағытта қызмет көрсетуде.

Оның ішінде, «2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» аясында субсидиялау бағыты бойынша 11,8 млрд теңгені құрайтын 758 жоба қолдау тапса, Қайтарымсыз мемлекеттік грант бағыты бойынша 56,6 млн.теңгенің 16 жобасы қаржыландырылды.

Ал, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ы арқылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға  арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында 280,2 млн.теңгені құрайтын  45 жоба қаржыландырылып, «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы арқылы жоба құны 819,6 млн.теңгені құрайтын 101 жоба қолдау тапты.

Сондай-ақ, «Жұмыспен қамтудың 2021 – 2025 жылдарына арналған жол картасы» аясында «Іскер» бағдарламасы бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ы арқылы 53,1 млн.теңгеге 11 жоба, «Групп Инвест» ЖШС-гі арқылы 52,5 млн.теңгеге 7 жоба, «Atameken Qyzylorda» МҚҰ-ы арқылы 188,1 млн.теңгеге 25 жоба қаржыға ие болды.

«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобаның» Қайтарымсыз мемлекеттік грант бағыты бойынша жоба құны 997,3 млн.теңгені құрайтын 814 кәсіпкер қаражатқа қол жеткізді.

Айта кету керек, қала әкімінің кәсіпкерлік мәселелері бойынша қабылдауы ай сайын өткізіліп тұрады.

БӨЛІСУ