«Қазалы ауданының орман және жануарлар дүниесін қорғау» мемлекеттік мекемесінің орманшы инспекторларына орман қоры жерлерін күзету, қорғау және өсімін молайту жұмыстарын сапалы жүргізу мақсатында облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, 10 дана арнайы қызметтік мотоцикл, борттық КАМАЗ және вахталық КАМАЗ берілді.
Көктем айларында 53 000 гектарға сексеуіл көшеттерін отырғызу және 7 777 гектарға галофитті тұқым себу жұмыстары жүргізілген.
Облыстағы орманды алқаптың 83%-ын сексеуіл ағашы құрайды. Ал, өңірдегі мемлекеттік орман қоры жерлерінің жалпы көлемі – 7 млн гектар, оның 3,8 млн гектары – орманды алқаптар.
Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының дерегінше, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021-2025 жылдар ішінде Арал теңізінің құрғаған ұлтанында 1,1 млн гектарға сексеуіл көшетін егу жөніндегі тапсырмасы өз деңгейінде атқарылып жатыр. Биыл 250 мың гектарға (100 мың га – облыстық деңгейде, 150 мың га – Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті арқылы) фитоорманмелиорациялық жұмыстарын жүргізу жоспарланып, кезең-кезеңімен жүргізілуде. Көктем айларында 53 000 га сексеуіл көшеттерін отырғызу және 7 777 гектарға галофитті тұқым себу жұмыстары жалғасын тапқан.
Сонымен қатар осы жылы Арал теңізінің құрғаған ұлтанының 150 мың гектарына топырақ зерттеу және жобалау жұмыстарына облыстық бюджеттен 59 млн теңге және орман мекемелерінің материалды-техникалық базасын нығайту мақсатында “Мемлекеттік сатып алу туралы” Заңына сәйкес тиісті жұмыстар атқарылған.
Бүгінгі таңда Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен орман шаруашылығы мекемелеріне өрт сөндіру автокөліктері, көшет қазу агрегаттары, тракторлар, УАЗ таблетка автокөліктері, арнайы мотоциклдар, патрольдік автокөліктер және радиостанционариялар, байланыс құралдары мен қолда ұстап жүру рациялары сынды көптеген техника мен қажетті құрал-жабдықтар сатып алынуда. Бұл техникалар орман қорғау, молықтыру бағытында орманшыларға көп септігін тигізері анық.
Сыр өңірінде орманды молықтыру және көгалдандыру жұмыстарына қажетті сексеуіл мен саялы ағаш көшеттерін өсіретін 158 гектар уақытша орман тұқымбақтары бар. Орман қорының санитарлық жағдайын бақылау үшін 376,3 мың гектар жерге орман патологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар мемлекеттік орман қоры учаскелерінде заң бұзушылықтарды алдын алу, оны анықтау мақсатында 130-ға жуық рейд ұйымдастырылып, оның ішінде орман тәртібін бұзу бойынша 14 жағдай анықталған.
Қызылорда облысы аумағында орман және дала өрттерінің алдын алу және жою жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілген. Орман өртін болдырмау және алдын алу мақсатында орман шаруашылығы мекемелерінде 11 дана өрт сөндіру автокөлігі мен 53 тұрақты өрт сөндіруші қызмет атқарады. Өрт қауіпті учаскелерде жаңадан өрт жолақтары жүргізіліп, ескі өрт жолақтарын қалпына келтіру жұмыстары да жалғасын тауып отырады.
Өрт қауіпті кезеңінде орман қоры жерлерінде 100,89 гектарды құрайтын 21 өрт фактісі тіркелген (2022 жылы – 16 өрт, 38,39 га). Оның ішінде, 25,29 гектары – орманды, 75,6 гектары – ормансыз алқаптар.
1 шілдеден бастап орманшылардың айлығы көбейіп, материалдық-техникалық базасы 2027 жылға дейін 100 пайыз жаңаратыны туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова айтқан болатын. Биыл елдегі орман шаруашылығына 8,1 млрд теңге бөлінсе, өртті ерте анықтау жүйесіне 4,1 млрд теңге қарастырылғаны ресми мәліметтерден мәлім.