Қаламыздың санитарлық тазалығын қамтамасыз ету мақсатында “Қызылорда тазалығы” мекемесі жеке және заңды тұлғаларға үздіксіз қызмет көрсетіп келеді.
Бүгінгі күні көшелердің санитарлық тазалық жұмыстарына 37 дана арнайы қоқыс жинақтаушы көлік, 4 дана КАМАЗ, 6 дана арнайы тіркемесі бар трактор, 3 дана погрузчик жұмылдырылған.
Қаланың 813-тен астам көшелерінің тазалығын қамтамасыз етуге 150 жұмысшы күші, 70 жүк тиеуші, 60 жүргізуші қызметкерлер біріктірілген. Қоқыс шығару жұмыстары екі ауысымда жүргізіледі. Түнгі ауысымдық жұмыстарға 5 техника қарастырылған.
Алайда, тұрғындардың тазалық мәселесіне бей жай қарауы, тұрмыстық қалдықтарды көрінген жерге тастауының салдарынан еткен еңбектің зая кетіріретіндігі тағы бар. Осы ретте мекеменің мобильдік топ, бақылаушылары тарапынан тұрақты түрде рейдтік шаралар ұйымдастырылып отырады. Рейд барысында қоқысты белгіленбеген орынға тастау фактісі тіркелген жағдайда ескерту, нәтиже шықпаса, айыппұл төленеді.
Айта кету керек, тұрғын үйлерден шығарылатын қоқыс негізінен бөлшектенуі тиіс. Мәселен, тұрмыстық қатты қалдықтардан бөлек, құрылыс заттарын шығару арнайы шақырту арқылы алынады. Және де санитарлық талапқа сай әр уйдің иесі өзіне темір контейнерлер қойып, бекітілген тарифтер бойынша төлем жүргізуі тиіс.