Оқу жылы аяқталысымен мектеп оқушылары жазғы тынығу лагерьлеріне баруға асығатыны белгілі. Осы орайда, балалардың жазғы демалысын тиімді өткізу мақсатында Қызылорда облысында 9 лагерь жұмыс істейді. Оның 7-і мемлекеттік болса, қалған 2-і жеке меншіктегі лагерь. Қазіргі таңда бұл лагерьлерде 5 мыңға жуық бала жазғы демалысын өткізіп жатыр. Бұл туралы Қызылорда облысының өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен баспасөз турында облыстық білім басқармасының тәрбие жұмыстары бойынша бөлімінің басшысы Бектұр Қали мәлімдеді.

-Облыстағы лагерьлер 7 ауысым бойы 8 мыңнан астам баланы қабылдайды деп жоспарлануда. Жазғы тынығу лагерьлерінде балалардың демалысын көңілді әрі пайдалы өткізу үшін әртүрлі үйірмелер мен интелектуалды сайыстар ұйымдастырылады. Сонымен қатар оқушыларға салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында түрлі бағыттағы спорттық жарыстар да күнделікті өткізіліп тұрады. Бұдан бөлек, өңірдегі білім беру ұйымдарының жанынан күндізгі тынығу лагерьлерінің жұмысы ұйымдастырылды. Бүгінде онда 96 мыңға жуық оқушы қатысуда. Жалпы жазғы тынығу лагерьлеріне бірінші кезекте ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көп балалы және аз қамтылған отбасыларынан шыққан балалар қамтылады. Ол үшін біз арнаайы тізім жасақтаймыз. Ал 1200 бала жергілікті жердегі меценаттар мен кәсіпкерлердің демеушілігімен облыстан тыс жердегі жазғы тынығу лагерьлеріне баруға жолдама алды, – деді Бектұр Қали.

Бүгінде Сырдария ауданындағы «Жалын» сауықтыру лагерьне 700-ге жуық бала барады деп жоспарлануда. Оның ішінде әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан 581 бала аталмыш лагерьде жазғы демалысын өткізетін болады. Жалпы бұл лагерь 7 ауысым бойы балаларды қабылдайды.

-Біздің лагерьде балалардың жазғы демалысын тиімді өткізу мақсатында арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген. Осы бағдарламаға сәйкес, оқушыларды зияткерлік және спорттық бағытта күнделікті дамытып отырамыз. Одан бөлек, ұлттық спорттық ойындар ойнатылып, балалар арасында дебат ұйымдастырылып тұрады. Сондай-ақ, лагерьде бес мезгіл тамақ, арнайы жатын-орын, ойын алаңқайлары, асхана, медициналық пунк қарастырылған. Жалпы лагерьде 8 тәрбиеші жұмыс істейді, – деді «Жалын» тынығу лагерінің директоры Миримхан Момбаева.

 

БӨЛІСУ