«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша қаржыландыру көлемі 6,7 есеге артты.

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Ауыл – Ел бесігі» жобасын жүзеге асыру мәселелері қаралды. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов баяндама жасады.

Қуантыровтың мәліметінше, қазіргі таңда, республикада 6 295 ауылдық елді мекен бар, онда 7,5 млн ауыл тұрғыны немесе халықтың 38%-ы тұрады. Ауылдардың жалпы санынан даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауыл іріктеліп алынды, онда ауыл тұрғындарының 93%-ы тұрады.

Бүгінгі таңда ауылдардың инфрақұрылымын дамыту «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде басым бағыт ретінде жүзеге асырылып келеді.

«Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 2019-2022 жылдары республикалық бюджеттен 326 млрд теңге бөлініп, 3,7 мыңнан астам жоба іске асырылды. Бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы 334 нысанды, 1 200 әлеуметтік нысан мен 2 мыңнан астам көлік инфрақұрылым нысанын салуға және жөндеуге мүмкіндік берді.
«Биыл 771 ауылдық елді мекенде 1 800 жобаны іске асыру үшін жалпы 218,2 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы 244 жоба, 383 әлеуметтік нысандар және ауылішілік жолдарды жақсарту бойынша 1 200 жоба іске асырылып жатыр», — деп мәлімдеді Ә. Қуантыров.

Келтірілген мәліметтерге сүйенсек, «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы іске асырылған жылдан бастап республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемі 6,7 есеге артқан. Мәселен, 2019 жылы 29 млрд теңге бөлінсе, республикалық бюджеттен осы жылға 198 млрд теңге қарастырылған.

Сонымен қатар биылғы бірінші жартыжылдықтағы бөлінген қаржының игеруге қатысты облыс әкімдіктері бюджет қаражатының 27%-ын игерген. Қаражаттың жоғары игерілуі Павлодар, Ақтөбе Қызылорда облыстарында байқалады. Бұдан басқа, қаражаттың ең аз игерілуі Алматы мен Ұлытау облыстарына тиесілі.

Жалпы бүгінгі таңда, 1600 жоба бойынша конкурс өткізіліп, 158 жоба аяқталды. Аяқталмаған ең көп жобалар Жамбыл, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында анықталды.

Министр өз кезегінде биылғы жылдың аяқталуына алты айдан аз уақыт қалғанын, осы орайда Министрлік әкімдіктермен бірлесіп бағдарламаны тиімді іске асыру бағытындағы келесі жұмыстарды жүргізетінін айтты. Олар:

  • Жобалардың конкурстарын өткізу процестерін тездету;
  • Бағдарлама аясында қосымша қаржы талап ететін нысандарға қаржы бөлу мүмкіндігін қарастыру;
  • Бөлінген қаражатты уақтылы игеруді қамтамасыз ету;
  • Құрылысы жүріп жатқан жобаларды жыл соңына дейін сапалы әрі мерзімінде аяқталуын қадағалау;
  • Жобалардың орындалу барысына апта сайын мониторинг жүргізу.

Сонымен қатар «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының жүзеге асырылу аясында ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасына әсер етуін бағалау мақсатында Өңірлік стандарттар жүйесі арқылы талдау жасалып келеді. Қазірдің өзінде бағдарламаның нәтижелерінен оң өзгерістер байқалады.

Мәселен, 2022 жылғы Өңірлік стандарттар жүйесі көрсеткіштеріне сәйкес инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі жоғары ауылдар саны ұлғайып, 786 ауылдық елді мекенді құрағанын көрсетіп отыр. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 525 ауылдық елді мекенге артық. Еліміздегі ауылдық аумақтарда тұратын 7,5 млн халықтың, 3,2 млн-ы өңірлік стандарттармен қамтамасыз етілу деңгейі жоғары ауылдарда тұратынын атап өткен жөн.
«Сонымен қатар өздері тұратын өңірлерге, туған ауылдарының инфрақұрылымын дамытуға қомақты қаражат салатын жергілікті ұйымдар мен кәсіпорындардың белсенділігін атап өткім келеді. Ірі кәсіпорындар тарапынан ауылдық жерлерде тұрғын үй, әлеуметтік нысандар және демалыс орындары салынған. Осындай жергілікті ұйымдар мен кәсіпкерлер барлық өңірлерде бар», — деп атап өтті Ә. Қуантыров.

Сондай-ақ ауылдарды дамытуға бөлініп жатқан мемлекеттік бюджет көлемінің ұлғаюы жеке инвестициялар үлесінің де артуына оң әсерін тигізіп келеді. Мәселен, 2019 жылы жеке инвестициялардың көлемі – 2,5 трлн теңге болса, 2022 жылы – 3,1 трлн теңгені құрады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды және жүзеге асырылып келеді.

Тұжырымдамада «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасын іске асыру, сумен, электрмен жабдықтау, газбен қамту, шекара маңы аумақтарды әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, жергілікті маңызы бар жолдарды салу, жөндеу және әлеуметтік нысандар салу арқылы ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту шаралары қамтылған.

Сөз соңында Ә. Қуантыров «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасын іске асыру Ұлттық экономика министрлігінің тұрақты бақылауында екенін жеткізді.

Өз кезегінде сөз алған Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов облыстағы 367 ауылдық елді мекендегі облыс халқының үлесі 56,7%-ды құрайтынын айтты.

Кетірілген ақпарат бойынша, 2019-2022 жылдары «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 137 ауылда 471 жобаны жүзеге асыру нәтижесінде 158 әлеуметтік нысанда құрылыс жұмыстары жүргізіліп, күрделі жөндеуден өткен. 32 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары пайдалануға берілген. 443 шақырымды құрайтын 281 ауылішілік көше жөнделіп, 2 мыңға жуық жұмыс орны құрылды.

Сондай-ақ 2023 жылы 90 елді мекенде 268 жобаны жүзеге асыру мақсатында 13,6 млрд теңге бөлінді. Осы жылдың 1 шілдесіндегі мәлімет бойынша 3,8 млрд теңгенің жұмысы жоспарға сәйкес жүргізіліп, қаржы 99,9%-ға игерілді.
«Жыл басынан бері өңірде дене-шыңықтыру сауықтыру кешені, 2 мәдениет нысаны пайдалануға берілді, дәрігерлік амбулатория мен ауыл клубына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы көлемі 66,7 шақырымды құрайтын 67 ауылішілік көше жолдары жөнделіп, есепті кезеңде 385 жұмыс орны құрылды. 2023 жылдың соңына дейін жалпы 179 жобаны аяқтау көзделіп отыр. 2024 жылға дейін 17 жоба жүзеге асырылмақ», — деді өңір басшысы.

Өңірде «Ауыл – Ел бесігі» жобасы, ең алдымен, «Ауыл Аманаты» жобасы іске асырылып жатқан елді мекендерде жүзеге асып отыр. Сондай-ақ аталған елді мекендерде ұлттық жобалар аясында және жергілікті бюджет есебінен басымдық беріліп, нәтижесінде 2026 жылға қарай әлеуметтік игіліктермен және көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз ету деңгейі 92,2-ды құрайды деп күтілуде. Аталған бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде әкімдіктің бақылауда болады.

БӨЛІСУ